|
26.08.2024 | 21:19
595

Ереже есте болсын: самокат тізгіндеушілер саны артып келеді

Алматыда биыл мопед тізгіндегендердің қатысуымен 359 жол-көлік оқиғасы тіркелген

Ереже есте болсын: самокат тізгіндеушілер саны артып келеді Almaty.tv

Алматыда биыл мопед тізгіндегендердің қатысуымен 359 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 364 адам жарақат алып, алтауы қаза тапқан. Ал самокат айдағандардың кесірінен 47 апат болып, 51 адам жарақат алған. Сала мамандары рейд жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кептелісте уақытты үнемдеуге көмектесіп, қалаған орныңызға лезде жеткізетін самокат тұрғындар арасында танымал болып үлгерген. Бірақ аңдамай басқан қадам өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында самокатты жалға беретін компания мен полиция қызметкерлері бірлесе рейд жүргізіп, Абай және Назарбаев даңғылының қиылысында тәртіп бұзғандарды анықтады.

Қалалық полиция департаментінің дерегінше, биыл жол қозғалысы ережесін бұзған 15 мыңнан аса мопед жүргізушісі мен 12 мыңға жуық самокат тізгіндеушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Бұл категория жүргізушілерінің саны күннен күнге артып келеді. Сол себепті түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Оқу жылы да жақындап қалды, самокат тізгіндейтін кәмелетке толмаған оқушылардың саны артады. Ереже бұзылса, оның салдары неге әкеп соғатынын білесіздер. Сондықтан ата-аналардың баласын қадағалауын сұраймын, – деді Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.  

Самокатты жалға беретін компания басшысы олардың қосымшасына 5000-нан аса адам тіркелгенін, сапар саны күніне 30 мыңға дейін жететінін айтты. Тіпті соңғы бір жылдың ішінде жүйені қолданушылардың саны 1,5 есеге артқан.

– Самокат қолдауншылардың саны жылдан жылға артып келеді. 2023 жылдың аяғынан бастап олардың арасында оқыс оқиға азайды, – деді  Самокатты жалға беретін компанияның бас директоры Серік Қанапиянов.

Компания басшысы барлығы қадағаланатынын айтып, егер қосымшаны қолданушылардың ереже бұзғаны анықталса, 2500 теңгеден бастап айыппұл салынуы, аккаунты бұғатталуы мүмкін екенін жеткізді. Ал заңға сай, әрі құқықбұзушылықтың түріне қарай айыппұл мөлшері 2 айлық есептік көрсеткіштен бастап, 10 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін.  

Жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан асырмау, басқа дулыға киюді әдетке айналдыру және бағдаршамға келгенде самокаттан түсіп, жаяу өту, арнайы белгіленген орындармен жүру – самокат тізгіндеуші ескеретін негізгі қағидалар.

Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік оқиғы: БҚО-да жол апатқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир