Сауда, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктері Қазақстан Республикасында Төтенше жағдай енгізілген кезеңде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек бағаны енгізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды Аlmaty.tv Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарламасына сілтеме жасай отырып.
Сонымен, елімізде мына тауарларға шекті баға қойылды:
- бірінші сұрыпты бидай ұны;
- бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан (формалы);
- макарон өнімдері (өлшеп сатылатын);
- қарақұмық жармасы (ұнтақталмаған, өлшеп сатылатын);
- күріш (өлшеп сатылатын дөңгелек дәнді);
- сиыр еті (сүйекті жаурын-төс еті бөлігі);
- тауық жұмыртқасы (I сұрыпты);
- сұйық май;
- ас тұзы («Экстра» тұзынан өзге).
Бұл тауарлар қазақстандықтар арасында аса көп сұранысқа ие және осы тауарлардың бағасы өскен.
«Бұйрыққа қол қойылған сәттен бастап рұқсат етілетін шекті бөлшек баға мөлшерін көтергені үшін 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл салынады», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға еліміздің әр өңірі үшін белгіленді.