Діни ахуалды талдау және дінтанулық сараптама Институтының басшысы Байбол Ержан Құрманғалиұлының мақаласын оқырмандар назарына Almaty.tv zakon.kz-ке сілтеме жасап ұсынады.
Жуықта Түркияның Анталиясы алапат өртке оранды. Көпшілігіміз бірден бұл апатты ауа райының ерекше ыстық болуынан деп топшыладық. Артынша «Күрдтердің жұмысшылар партиясы» ұйымы оны өз мойнына алып, түркиялық билікке қасақана жасағандарын айтты.
Әрине, мұның салдары Түркия тарапынан кешенді әскери операцияның жанданатындығын түсіндіреді. Ел аумағындағы күрдтік сепаратистік топтарға ғана емес, іргелес жатқан Сирияның Идлиб аймағындағы күрд жасақтарына да қарсы тойтарысты шабуылдар орын алады деп күтуге болады.
Күрдтердің жұмысшылар партиясының бұл әрекеті «экологиялық терроризм» болып табылады. Адамзат тарихында бұған дейін де экологиялық террорлар болған. 1830 жылдары Солтүстік Америкадағы үндістерге қарсы геноцид аясында бизондарды жаппай қыру, 1961 жылы Вьетнам соғысы кезінде американдық әскердің химиялық қару қолдану арқылы бейбіт тұрғындар арасында түрлі аурулар туғызуы және 2 миллион гектар орман мен ауылшаруашылық жерлерінің 43 пайызын жою әрекеттері осыған мысал бола алады.
Мәселенің тағы бір қыры бар. Мұндай экологиялық террордың Орталық Азияда да орын алу мүмкіндігі жоғары. Орталық Азияның ландшафты мен табиғи ерекшеліктері терроризм тұрғысынан аймақтың осал тұстары деуге болады.
Сирия мен Иракта жеңіліс тапқан терроршыл «Ислам мемлекеті» ұйымы, өзінің негізгі күштерін Ауғанстанның солтүстігіне қарай, Орталық Азия елдерінің шекараларына жақындатқан болатын. Олардың бұл әрекеті аймақтың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық туғызды. Сол кезеңдегі Ресей Федерациясы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының сөзіне сенсек, Ауғанстандағы аталған ұйымның содырларының саны 2000-4500 адам шамасында болған.
Естеріңізде болса, 2019 жылдың 6 қарашасында қаруланған «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары Тәжікстанның «Ишкобод» шекара бекетіне шабуыл жасаған болатын. Шабуыл нысаны ретінде Тәжікстанның таңдалуына қатысты әртүрлі пікірлер бар.
Солардың бірі – «Хорасан» халифатын құру идеясы. Хорасан провинциясы Ирандағы ірі әкімшілік-аумақтық бөліністердің бірі әрі тарихи аумақ болып табылады. 7-8 ғасырларда аталған аумақ Араб халифатының қарауына өтіп, Орталық Азияның көптеген аумақтарын өзіне біріктірген. Негізгі тұрғындары тәжіктер болған.
Осындай тарихи деректер кейбір діни радикал топтардың Орталық Азияда «Хорасан» халифатын құру талпынысын жандандырып отыр деуге болады. Мұндай бастамалардың негізінен тәжік содырлары тарапынан көтерілетіндігі және олардың халифатты Тәжікстан аумағынан бастап құрғысы келетіндігі байқалады.
Екінші пікірлер радикал топтардың экологиялық террор жасау қаупімен байланысты. Мысалы, аумағының 93 пайызын таулар құрайтын Тәжікстан Орталық Азия аумағындағы су ресурстарының үлкен қорына иелік етіп отырған елдердің бірі. Көптеген трансшекаралық өзендер (Вахш, Пяндж, Амудария, Зарафшан) осы аумақтағы Памир тауларынан бастау алады. Осы өзендерде үлкен су айдындары бар аса ірі суэлектростанциялары (СЭС) орналасқан. Айталық, Вахш өзенінің жоғарғы ағысындағы СЭС-тардың біреуі террорлық шабуыл негізінде жарылған жағдайда, аталған өзеннің төменгі ағыстарындағы және онымен жалғасып жатқан Пяндж және Амудария өзендерінің бойындағы СЭС-тар толық күйреп, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан және Қазақстан аумақтарын алапат су басу қаупі бар.
Ал осы өзендерді улау арқылы террорлық әрекет жасалса, Орталық Азияның биосферасы үлкен апатқа ұшырап, аймақ тұрғындары орасан зардап шегеді.
Аумағының 90 пайызы таулардан тұратын Қырғызстан да экономикалық тұрғыдан су энергетикасы саласына басымдық береді. Ондағы трансшекаралық Нарын, Сырдария өзендеріне қатысты да осындай қауіп бар. Мұндай қауіп-қатерді «Талибан» мәселесінің аясында да қарастыруға болады.
Негізінен, «Талибан» ұйымы діни, этникалық және саяси ұстаным тұрғысынан бірегей емес. Әсіресе, оның діни құрылымы өте күрделі. Қозғалыстың өкілдері негізінен Ханафи мазһабына, ақида саласында Матуриди және Ашғари сенім мектептеріне сүйенеді. Дегенмен, тәліптер діни дүниетанымы қарама-қайшы радикалды топтардың басын қосып, ортақ мүддеге жұмылдыруда сәтті тәжірибе жасай алды. Олардың құрамында сүннеттік бағыттағы, алайда мазһабтарды мойындамайтын псевдосалафилік сенімдегі ұйымдардың топтары да бар. Ақпараттарға сүйенсек, бүгінде Талибан қатарында «Ислам мемлекеті», «әл-Каида», «Лашкар-и-Тайба», «Жамағат-Ансаруллах», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Хизбут-Тахрир», «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» сияқты террорлық және экстремистік ұйымдардың жасақтары жинақталған.
Бұл орайда, тәліптердің ислам дінінің ұйыстырушы рөліне басымдық беріп, әртүрлі топтардың ортақ қызығушылық нүктелерін оңтайлы анықтай білгендігін байқауға болады. Біріктіруші факторлардың қатарында діни фундаментализмді және исламоцентризмді, есірткі нарығымен күресті, батыс күштерінен елді азат етуді, діни негіздегі мемлекет құру мақсатын атауға болады.
Сондай-ақ сарапшылар Ауғанстанның сүнниттер тұратын елді мекендерінде тұрғындардың талибтерді жылы қарсы алып, соғыссыз берілгендігін айтады. Негізгі тегеурінді қарсылық көрсетулер шииттер көптеп қоныстанған аумақтарда орын алған. Сәйкесінше, шииттерге деген қарсылық та сүннеттік бағыттағы ағым өкілдерін біріктіруге негіз болған деуге болады.
Саяси тұрғыдан да Талибанның бірегей ұстанымы жүйеге келмеген деуге негіз бар. Негізінен, қозғалыс басшылығы Ауғанстандағы соғыстың ұлт-азаттық соғыс екендігін айтып, сыртқы елдерге зияны тимейтіндігіне кепілдік беруде. Алайда ұйым құрамындағы псевдосалафилік топтардың бірқатары Орталық Азияның аумағында "Ислам халифатын (соның ішінде "Хорасан" ислам халифатын) құруды көздесе, "Өзбекстан ислам қозғалысы" ұйымының өкілдері осы идея аясында халифаттың орталығы Ферғана болуы керек деп санайды. Ал "Шығыс түркістан ислам қозғалысы" ұйымы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағы ("Шығыс Түркістан") мен Қазақстанның Жетісу аймағын ("Батыс Түркістан") біріктіріп, Ұйғырстан мемлекетін құруды мақсат етеді. Осылайша, жиынтығында, Талибанның мақсат-мүдделері Ауғанстан аумағынан шығып, Орталық Азияға бағытталып кететіндігін байқауға болады.
Талибан факторы осы жағынан да алаңдаушылық туғызады. Әрине, тәліптер бүгінде Ауғанстанның барлық аумақтарын өз қарауына алып, өздерінің ресми билігін құратындығын мәлімдеді. Халықаралық қауымдастық алдында бұрынғыдай «терроршы ұйым» емес, бейбітшіл жасампаз саяси күш ретінде жаңа мәртебеде танылғысы келеді. Сол мақсатта әлемнің ірі державаларымен екіжақты келіссөздер де жүргізуде.
Мәселен, 2020 жылдың 29 ақпанында АҚШ пен «Талибан» ұйымы арасында бейбіт келісім жасалды. Аталған келісімге сәйкес, тәліптер Ауғанстан аумағын «Әл-Каида», «Ислам мемлекеті» сияқты терроршыл ұйымдардан тазартуға қолдау көрсетуі керек болатын. Ал АҚШ пен НАТО өз әскерлерін ел аумағынан 2021 жылдың 1 мамырына дейін шығармақ еді. Алайда ағымдағы жылдың 15 сәуірінде АҚШ президенті әскердің шығарылуы 2021 жылдың 1 мамыры – 11 қыркүйегі аралығында толық аяқталатындығын мәлімдеді. Талибан басшылығы мұндай мәлімдемеге наразылық білдіріп, Ауғанстан аумағындағы НАТО әскерлерінің тез арада шығарылуын талап етті. Екі тараптың арасының алшақтауының негізгі себептерінің бірі де осында.
2021 жылдың шілде айында тәліптер Қытаймен келіссөздер орнатып, ел экономикасына инвестиция құюға шақырған. Қытай билігі «Талибан» ұйымы қатарындағы 3,5 мыңнан астам «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» ұйымының содырларымен байланысты үзіп, елден алшақтатуды талап етті. Бұл ұсынысты қабылдаған жағдайда, Қытай Пәкістан арқылы жан-жақты саяси және экономикалық көмек көрсетуге әзірлігін білдірді.
Көп ұзамай, «Талибан» қозғалысы Ресей басшылығымен де кездесті. Кездесу барысында Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай талқыланып, Ресей Талибанды «ауғанішілік келіссөздер» бастауға шақырды. Тәліптер Орталық Азия мемлекеттеріне қауіп төндірмейтіндігіне кепілдік берді.
Сонымен, ендігі аралықта Ауғанстанның және «Талибан» қозғалысының келешегіне қатысты 2 болжам жасауға болады:
Бірінші. «Талибан» ұйымы ресми мемлекет (билік жүйесін) құруды мақсат етеді. Ол үшін, ең алдымен, халықтың қолдауына ие болып, саяси, құқықтық, әлеуметтік, экономикалық күрделі реформалар жүргізуі қажет. Ең бастысы, халықаралық қауымдастық тарапынан сенім мен мойындауға ие болуы керек.
Бұл орайда, тәліптер әсіре діншілдіктен бас тартып, құрамындағы терроршыл ұйымдарды елден аластатуы керек. Өздерінің жасампаз күш ретіндегі мәртебесін дәлелдеу үшін оларды елден аластатумен шектелмей, белсенді антитеррорлық операциялар жүргізуі қажет. Олай болмаса, ешбір ел тәліптермен дипломатиялық қарым-қатынастар жасамайды.
Ал құрамындағы терроршыл топтарға қарсы соғыс жарияласа, өзінің әскери әлеуеті әлсірейді әрі жауларының санын көбейтіп алады. Сәйкесінше, бұған дейінгі тарихы қайталанып, үстемдік ету ғұмыры тез аяқталуы мүмкін.
Дегенмен, халықаралық қауымдастықтың қолдауына тәуелді болғандықтан, тәліптер Ауғанстан аумағын терроризмнен тазалау жолын таңдайды және сол үшін халықаралық антитеррорлық коалициялардың мүмкіндігіне жүгінеді деген болжам жасауға болады.
Екінші. Талибан бейнесіндегі билік позициясын мейлінше нық орнықтырғанға дейін жуық арада діннің ұйыстырушы рөлінен және терроршыл ұйымдар бейнесіндегі жақтастарынан бас тартпайды. Сол себепті Ауғанстан аумағы белгісіз уақытқа дейін «буферлік аймақ» ретінде қалатын болады және Орталық Азия аймағындағы түрлі діни экстремистік топтар үшін тартымды алаңға айналу мүмкіндігі де жоғары. Мұндай жағдай да алаңдаушылыққа басты себептердің бірі болмақ.
«Орталық Азияға және Қазақстанға қандай қауіп болуы мүмкін?» деген сұраққа келсек, мынадай қауіп-қатердің ықтималдығын айтуға болады:
1) Құрамының этникалық, діни және саяси тұрғыдан күрделілігіне байланысты Талибан басшылығы жасақтарының барлығын бірдей бақылауда ұстай алмайды. Сәйкесінше, жоғарыда аталған кейбір терроршыл топтардың тарапынан Орталық Азия елдеріне бағытталған стихиялық шабуылдар орын алуы мүмкін.
2) Талибан жасампаз саяси күш ретінде мойындалса, Орталық Азия аумағындағы түрлі экстремистік және террористік ұйымдардың халықаралық қауымдастық тарапынан легитимденуге деген сенімі мен талпынысы артатын болады. Бұл өз кезегінде аймақ елдеріндегі, соның ішінде Қазақстандағы діни топтардың қызметінің саясилануына, әскери-саяси белсенді әрекет жасауына жол ашуы мүмкін.
3) «Ауғанстандық фактор» аясында Орталық Азиядағы қажеттілігін дәлелдеп, әскери-саяси басымдығын орнықтыру мақсатында жекелеген әскери алпауыт елдер тарапынан өңірлік тұрақтылықты бұзуға бағытталған әртүрлі қасақана әрекеттер, соның ішінде өздерінің бақылауындағы деструктивті діни топтарды «талибандық содырлар» рөлінде пайдалану арқылы арандатушылық актілер де ұйымдастыру ықтималдығы бар.
Барлығымызды мазалайтын тағы бір маңызды сұрақ бар. Ол «Қазақстан енді тәліптерге қатысты қандай саясат жүргізуі керек?» деген сұрақ.
Тәліптер Кабулға басып кіріп, жаппай үрей болып жатқан жағдайда да Қазақстан өз елшісін сол жерде қалдырды. Бұл әрекет еліміздің тәліптерден үрейленбей, олармен қарым-қатынас алгоритмін талқылауға дайын екендігін білдіреді. Әрине, қазіргі түсініксіз жағдайда мұндай әрекет рационалды емес сияқты бағалануы мүмкін. Алайда бізге ұнаса да, ұнамаса да, қалыптасқан жағдай осындай. Қазіргі шындық осы.
Дегенмен, алдымызда тұрған міндет – шұғыл түрде жағдайды жан-жақты талдап, Ауғанстанға және «Талибан» билігіне қатысты ресми позицияны анықтау бойынша саяси шешім қабылдауымыз қажет.
Біз осы мәселелер бойынша 2019 жылдың қарашасынан бастап бірнеше мәрте ұсыныстар бердік. Ол жерде ақпараттар мен деректерді және сарапшылық әлеуетті пайдалану арқылы «Талибан» қозғалысының қызметіне қатысты толыққанды әрі сапалы талдау жасап, нақты шешім қабылдау қажеттілігін атап көрсеткен болатынбыз.
Алдымызда тұрған тағы бір міндет – Орталық Азияның қауіпсіздігін бірлесе қамтамасыз ету. Бұл орайда, ағымдағы жылдың 5 тамызында Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі өтіп, Ауғанстандағы жағдай аясында аймақтың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер талқыланды. Бұл өте маңызды шешім. Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы мәселелерін осы аймақтың 5 мемлекеті ешкімнің араласуынсыз дербес шешуі қажет. Ендігі аралықта Орталық Азия елдерінің мүдделерін біріктіретін және күштерін жұмылдыратын жеке бір халықаралық ұйым құрылуы ықтимал.
Қазір қазақстандық ақпараттық кеңістікте Ауғанстан мен тәліптер туралы жазып жатқандар аз емес. Алайда, ғылыми-сарапшылық ортаның сапалы талдамалы материалдары, әсіресе мемлекеттік тілде жоққа тән. Керісінше, мәселеге қатысты ресейлік ұстанымды таныстыратын материалдар көп кездеседі.
Мәселені жан-жақты әрі қазақстандық тұрғыдан талдаған сапалы материалдардың жоқтығы ағымдағы жағдайды объективті бағалауға, ықтимал қатерлерді болжамдауға және уақтылы әрі тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермейді.
Мұның барлығы Орталық Азияның және Ауғанстанның қазақстандық ғылыми-сарапшылық орта тарапынан арнайы әрі жүйелі негізде зерттеліп отырмағандығын көрсетеді. Қызмет атқарып жатқан жекелеген құрылымдар мен жекелеген авторлардың тиіп-қашпа зерттеулері мәселені шешпейді. Бұл орайда, Орта Азиядағы (Орталық Азия елдері, ҚХР-ның Шыңжан Ұйғыр автономиялық аймағы, Ауғанстан және Иран) саяси, діни және этникалық мәселелерді зерттейтін арнайы институт («think tank») құру қажеттілігі айқындалып отыр.
Бізде қазір еліміздің ішіндегі этносаралық және конфессияаралық жағдайды зерттейтін құрылымдар бар. Алайда олардың өз жүктемелері де жеткілікті. Ал мына аталған маңызды мәселелерге дұрыс назар аудармасақ, салдары ауыр болатыны анық.
Жуықта, 16 тамызда президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық құзырлы құрылымдардың басшыларын жинап, ауғанстандық мәселеге қатысты талқылауларды бастады. Мұндай жиындар сыртқы саясат векторын пысықтаумен қатар елдің ішкі қауіпсіздігін күшейту міндетінің аса өзекті мәселе ретінде күн тәртібіне шыққандығын түсіндіреді. Ішкі әлеуетіміз мықты болса, бізді сырттан жау ала қоймас. Сол үшін еліміздің дін саласындағы саясатын, соның ішінде діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстарды жетілдіру қажеттілігі айқындалады.
Бұл орайда, Діни ахуалды талдау және дінтанулық сараптама институтының басшысы ретінде мынадай шараларды жүзеге асыруды маңызды деп санаймын.
Бірінші. Өңірлердегі діни ахуалға жүргізілетін мониторинг жұмыстарын цифрлық форматқа көшіру қажет. Бізде қазір дінге қатысты ақпараттар мен деректердің орталықтанған электрондық базасы жоқ. Өңірлерден қандай да бір ақпарат алу үшін кеңес дәуіріндегідей хат жолдап, телефон соғып, айлап жүріп аламыз. Ал қазіргі ақпараттық дәуірде олардың барлығы күнделікті режимде компьютерімізді ашқанда көз алдымызда тұруы тиіс. Яғни, цифрлық мониторинг жобасы жедел ақпарат алуға және жедел талдау жасауға жол ашпақ.
Екінші. Дін істері комитетінің, өңірлердегі Дін істері басқармалары мен Дін мәселелерін зерттеу орталықтарының басшылық құрамы мен қызметкерлерін, республикалық және өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін, сондай-ақ дінтану және исламтану кафедралары оқытушыларының дін мәселелері бойынша кәсіби біліктілігін арттыруды жүйелі түрде жолға қою қажет. Мұндай жұмысты ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында жүргізуді маңызды деп есептеймін. Көптеген күрделі мәселелердің шешімі мамандардың кәсіби құзыреттілік деңгейіне байланысты болып тұр.
Үшінші. Дін саласында кадрларды сақтап қалу үшін және білікті мамандар тарту үшін өңірлердегі Дін мәселелерін зерттеу орталықтарындағы қызметкерлердің жалақысын көтеру қажет.
Төртінші. Институт құрамында өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын және оңалту-дерадикализация жұмыстарын орталықтандырылған негізде үйлестіретін құрылымдар қалыптастыру керек. Аталған жұмыстар үйлестіруді және әдістемелік сүйемелдеуді ерекше қажет етіп отыр.
Бесінші. Мемлекеттің дін саласындағы саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге және оларды іске асыруға қатысатын Республикалық ғылыми-сарапшылық кеңес құру маңызды.
Алтыншы. Дінтану мен исламтану кафедраларын заманауи сұраныстарға жауап беретін оқулықтармен, әдіснамалармен қамтамасыз ету және олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту керек.
Жетінші. Өңірлердегі дін саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін оңтайлы жұмылдыру және олармен жүйелі қарым-қатынас жасау тетіктерін жетілдіру қажет.
Сегізінші. Дін саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Дін істері комитетінің қызметін жетілдіру және оның құзырын кеңейту маңызды.
Тоғызыншы. Қатерлі діни ағымдардың дамуына жол бермес үшін әрі отандық мұсылман қауымның ауызбіршілігін нығайту үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің орталық аппараты мен мешіттерінің қаржылық ашықтығын қамтасыз етуі, имамдар мен басқа да қызметшілерді тағайындауда меритократия қағидаттарын қатаң ұстануы мақсатқа лайықты деп есептеймін.