Алматыда «Толық емес отбасы» санаты бойынша үй кезегінде тұрған 38 отбасы баспаналы болды. Бүгін «Бақытты отбасы» орталығында пәтер иелеріне кілт табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында үлестірілген пәтерлердің құны мен несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі айтарлықтай төмен.
«Алған айлығымздың жартысын банкке салып отырғанның арқасында осы үйге қол жеткіздік. Көмектескен бауырларым мен туған-туыстарыма рахмет! Солардың көмегімен осы күнге жетіп отырмын», – дейді жалғызбасты ана Маржан АҚБАЕВА.
Қаладағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы да сәтті жүзеге асып келеді. 4 мамыр күні 44 отбасының банк шоттарына пәтер алуға бастапқы жарнаны өтеуге берілген 1 млн теңге көлеміндегі қаражат аударылды. Ал, соңғы 3 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «толық емес» отбасыларға 2 мыңға жуық пәтер берілген.
«Бұл бағдарлама бойынша 38 отбасыға кілт тапсырдық. Енді жылдың аяғына дейін тағы да осы санаттағы жандарға екі жүзден астам пәтер кілтін беруді жоспарлап отырмыз», – дейді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Ермек ӘМІРОВ.