Жазғы лагерь: балалар демалысын қызықты өткізуге не кедергі

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл лагердің орташа бағасы – 13 мың теңге
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаз мезгілінде балаларға арналған қызық та мазмұнды іс-шара аз. Олардың сапасы қамтамасыз етілмейді. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында лагерлердің жұмысын осылай деп сынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Балаларға жоғары санатта қызмет көрсетіп, демалысын қызықты өткізу үшін биыл лагердің орташа бағасы – 13 мың теңге. Күндік ақы әсіресе азық-түлікке көп жұмсалады екен. Ал елдегі жазғы демалыс орындары негізінен, оқушыларды 10 күнге қабылдайды. Көп ата-ананың көкейінде жүрген сауалды қойып, жазғы демалыс орындарының біріне бардық.

– Бұл саланың дамуына кедергі тигізіп отырған басты мәселе – маман тапшылығы. Содан кейін, стандартталған заң дайын емес. Қазір қайтадан қаралып жатыр. Біз ешқандай министрліктің қарамағында жоқпыз. Соңғы 30 жылда балалар лагері ауада қалқып тұрған сала болып қалған, – деді Балалар лагерінің директоры Мира Құдабаева.

Маманның жетіспеуі – жалақының аздығымен, алыстағы демалыс орнына күн сайын азаматтардың келе алмауымен байланысты. Әупірімдеп күн кешіп, жүздеген балаға қызықты демалыс ұйымдастырып жүрген кәсіпкерлердің айтуынша, мұндағы басты бағыт – баланың ортаға сіңіп кетуі.

Тағы бір үлкен мәселе – лагерьге келетін балалардың психологиялық дайындығының болмауы. Көп жағдайда олар тіл табысудан, араласудан қашады. Әрі балдырғандарға деген шектен тыс қамқорлық олардың ортада өзін-өзі ұстауына кері әсер ететін көрінеді.

Қала сыртындағы демалыс орындарының басым көпшілігі балалардың табиғатпен, қоршаған ортамен байланысы аз дейді.

– Қоршаған ортамен байланыс жоқ, бірақ оны өзекті мәселе деп қарауға болмайтын шығар. Балалар гаджеттен кішкене алшақ болып, өз табиғатымен танысса екен деп ойлаймын. Бала лагерге келгенде тек физикалық емес, психо-эмоционалдық тұрғыдан да өзгеруі керек, – деді балалар лагерінің директоры Мира Құдабаева

Биыл ел бойынша 2 млн 800 мың бала жазғы демалыс және сауықтырумен қамтылады. Оның ішінде жекелеген санаттағы отбасынан шыққан 500 мың оқушы тағы бар. Ал олардың демалысын қызықты, әрі танымды етіп өткізу үшін Қазақстанда 218 лагерь жұмыс істейді. Одан бөлек, 10 мыңнан аса үйірме мектеп жанынан ашылмақ.

– Алматы қаласы бойынша жаз мезгілінде сауықтырумен 98,7 пайыз, немесе 270 мың баланы қамту жоспарлануда. Оның ішінде 35 мыңнан астам бала халықтың әлеуметтік осал тобы санатынан. Әкімдіктен жолдама бірінші кезекте ата-анасынан айырылған балаларға, әлеуметтік осал топтағы балаларға және көпбалалы отбасындағы балаларға беріледі, – деді Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскері Зульфира Бибалинова.

Ал топ жарып, үздік болып жүрген оқушыларға биыл «Қазақстан халқына» қоры 20 мың жолдама береді. Балалар баратын демалыс орындарына айрықша назар бөлініп, тексеру жүргізілуін күні кеше Премьер-министр арнайы тапсырды. Мәселен былтырдың өзі белгіленген талапты бұзғандарға 14 ұйғарым шығып, 2 млн теңгеден астам сомада 20 адам айыппұл арқалаған еді. Биыл олқылыққа орын жоқ.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров