Елімізде шомылу маусымы басталды

Фото ашық дереккөзден
Фото ашық дереккөзден
Жаздың алғашқы күндерінен-ақ көл жағасында демалушы көп
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдің оңтүстігінде шомылу маусымы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаздың алғашқы күндерінен-ақ айдын көл жағасында демалушы көп. Айта кетсек, былтыр Алматы облысында 25 адам суға батып қаза болған. Оның жетеуі – бүлдіршін.

Қапшағай су қоймайсының жағасында ине шаншар орын жоқ.

«Мен апта сайын көл жағасына немерелеріммен келемін. Жан-жағы жабылған тапшанды жалға алып, осында демаламыз», – деді демалушы Айнұр Жәлімбетова.

Маусымның ашылуымен тапшан жалға беретін кәсіпкерлердің ғана емес, қауіпсіздікті қызғыштай қорыған құтқарушылардың да қауырт жұмысы басталды.

Құтқарушылар тәжірибе жүзінде көрсетті. Батқан адамды бірден байқап, судан жағаға алып шығу операциясын жүзеге асырды. Мұндай іс-шара көпшілікке қауіпсіздік ережесін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. Бір шетінен мамандардың дайындығы сыналды, - дейді Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.

«Алматы облысы Қазақстанның басқа өңірімен салыстырғанда қайғылы жағдай бойынша бірінші орында тұр. Яғни, су қоймаларындағы бала өлімі көп. Алдыңғы жылы Алматы облысы аумағында 7 бала суға батты. Оның алғашқы себебі – ата-аналардың баланы қараусыз қалдыруы», – деді Төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дидар Асқарбекұлы.

Былтырғы статистикаға сүйенсек, Алматы облысында жалпы 25 адам суға батып кеткен. Қаза болғандардың көбі рұқсат етілмеген жерлерде шомылған дейді жауапты департаменттің өкілі. Оның айтуынша, өңірдегі көп көлдің маңы игерілмеген. Сондықтан онда құтқарушылар жоқ. 

Айта кетсек, облыс бойынша Қапшағай су қоймасының 7 жерінде ғана шомылуға рұқсат етілген.

Оразай Нұртайұлы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қарахан мемлекеті: Жамбыл облысында көне шаһардың орны табылды

Новости партнеров