|
11.02.2019 | 16:29
24803

«Олар сыйлықтан бұрын көңілге мұқтаж»: алматылық аниматорлар балалар үйіне қуаныш сыйлады

Туған әкесі мен шешесіне ренжігеннен бе, тастанды бала олардың атын мүлдем атамайды

«Олар сыйлықтан бұрын көңілге мұқтаж»: алматылық аниматорлар балалар үйіне қуаныш сыйлады

Алматы облысы Талғар қаласындағы «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің тәрбиеленушілеріне абзал жандар көмек көрсетті. Өткен демалыста жеткіншектерге аниматорлар арнайы келіп көңілдерін көтерді. Бүгінде аталған мекемеде 50-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мекеме басшысы Тұяқ Есқожинаның сөзінше, бөбектерді ата-аналары есік алдына тастап кетеді. Туған әкесі мен шешесіне ренжігеннен бе, тастанды бала олардың атын мүлдем атамайды екен.

«Баланы әкеледі де, жылатып тастап кетеді. 3-4 жастағы балалар, әке-шешелерінің атын біледі ғой, бірақ айтпайды. Үйретіп әкеле ме, білмеймін. Енді сендерге қалай ат қоям десем, өздері ойлап табады, тегін де», - дейді «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің төрайымы Тұяқ ЕСҚОЖИНА.

Балалар үйінің тәрбиеленушісі 8 жастағы Жақсылық та өзін тастап кеткен ата-анасына өкпелі дейді Тұяқ апай. Ол өзінің тегін басқалар секілді оңай таңдай салмапты. Бүлдіршін «тегіңді кім деп жазайын» дегенде, «Қазақ» деп қоюды жөн көрген. Жақсылық Қазақ өскенде ұшқыш болуды армандайды. Ал, аталған мекемеде Жақсылық секілді талапшыл, болашағынан мол үміт күттіретін балалар аз емес.

Алматы қаласы №62-ші гимназиясының ұжымы бүгін жеткіншектердің көңілдерін марқайтты. Аниматорлар арнайы келіп, балалармен бірге 2 сағатқа жуық ойнады. Шара соңында жетімдер үйіне керек жарақтар, ал балаларға мектепке қажетті заттар табысталды. Жетімдерге бағалы заттардан бұрын көңіл бөлгеннің өзі керемет сезім дейді ұйымдастырушылар.  

«Болашақта бұл балалар өте қайырымды азамат болып өсетініне көзім жетті. Өйткені теңізге тамған тамшыдай жасаған қамқорлығымызды олар мәңгі сақтайды. Толық отбасында өскен баланың тәрбиесі де қандай болатыны белгілі ғой. Ал, мына балалар өмірде талпынып, алға шығатынына көзім жетті», – дейді Алматы қаласы Ш.Смаханұлы атындағы №62 гимназия директоры Атығай БИЖАНОВ.        

«Нұр» қайырымдылық балалар үйінің ашылғанына биыл 21 жыл толыпты. Осы уақыт ішінде аталған мекеннен 750-ден астам бала тәрбиеленіп шыққан. Қазіргі кезде барлығы жоғары білім алып, мамандықтары бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал, Тұяқ Есқожинаны мұндағы балалар «мама» деп атайды. Ұзатылған қыздары анда-санда төркінім деп келіп те кетеді екен. Ал, жігіттер болса балаларға базарлық әкеліп қуантады. Тек өкініштісі, үйленген ұлдардың бастарында әлі күнге дейін баспаналары жоқ.

Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир