Маңғыстауға туристерді қалай тартуға болады - тұрғындар ұсынысы

Almaty.tv
Almaty.tv
Өңірге былтыр 400 мыңға жуық турист келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тарихы мен табиғаты талай шетелдіктің таңдайында жүрген маңғаз Маңғыстау – туризмнің ордасы. Әлеует көп, бірақ әзірге нақты әрекет аз. Өйткені бар-жоғы 30 шақырымдық жерге шұрық-тесік жолмен айналып, үш сағат жүреді. Соған қарамастан, өңірге былтыр 400 мыңға жуық турист келген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шар тастар алабы, Отпан тау, Сулы қапы, сондай-ақ салмалар мен мұнаралар – бұл өңірге келетін туристердің көп біле бермейтін жері. Көздің жауын алар көрікті мекендерге жету үшін Ақтаудан 140 шақырымды айналып, ой-шұқыры көп жолмен жүресіз. Бар мәселе – осыда. Аумаққа 27 шақырым тас төсеп, төтеден жол ашпаса, келімді-кетімді көпшіліктің шұңқырға әлі талай шағым айтар түрі бар. Әзірге ел талап еткенімен, жоба қолға алынар емес.

– Ауылымыз ауданға және облыс орталығы Ақтауға жақын. Туристерді тарту үшін Тұщыбек ауылдық округіне қарайтын 27 км жол ашу керек, – деді Тұщыбек ауылының тұрғыны Сәкен Айдарбаев.

«Жергілікті билік көз қырын салып, азаматтар арызына құлақ түрсе, 80 үйі бар Тұщыбек ауылы да кеңейіп, халыққа жұмыс көзі табылады». Осылай деген тұрғын арнайы жоба әзірлеген. Бұл жұмыс өңірдегі туризм басқармасына берілген. Жауапты мекемеге сұрау салып, «ұсыныс қаралып жатыр, сәйкесінше, аудан әкімдігіне құжат жасақтауға тапсырма берілді» деген жауап алдық. Егер жоба іске асса, Маңғыстауға былтыр келген 390 мың туристің қатары тағы да толықпақ.

– Болашақта ол бағыттың тартымдылығын арттыру бағытында жұмыстар басталып кетті. Онда 17 туроператор тіркелген. Олар өңірде туристік соқпақ ұйымдастырып, жұмыс жүргізуде, – деді Туризм басқармасының бөлім басшысы Гүлсім Жакиева.

Маңғыстау облысы турист тартудан былтыр 130 пайыздық көрсеткішке жетті. Өңірге келетіндердің басым бөлігі Бозжыра, Бекет ата, Шерқала сынды тарихи орындар мен жерасты мешіттеріне баруды парыз санаған. Ал қарт Каспийдің жағасы – жұрт қызығатын әуелгі орын. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Ел мен әлем назары осылай ауған тұста ақтаулықтар бірнеше жайтты назарға алу керек екенін де айтып қалды.

– Жағажайларды реттеп, курорттық зоналарды, инфрақұрылым дамыту керек. Өңірдегі 362 әулиеге баратын жолдарды жөндеу керек. Туристерді тартатын болсақ, одан келетін қаражат, инвестиция басқа да саланы дамытуға, әлеуметтік жобалар жасауға мүмкіндік әкелетініне сенемін, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Шынар Ахметқалиева.

– Әжетхана жетіспейді, мүлде жоқ.  Жол салынса, көп турист келеді деп ойлаймын, – деді Ақтау қаласының тұрғыны Алтынгүл Наурызбаева.

Бүгінде Маңғыстауға әлемнің 17 елінен тікелей әуе рейсі ашылған. Жолаушылар кемесі, темір жол мен тас жол арқылы қатынас жасалады. Алдағы жаз маусымында Каспийге келушілер көп болуы мүмкін. Демек туризм әлеуеті тағы бір сыналады деген сөз.

Айта кетейік, ел мен өңір имиджін дамыту үшін 50 гидтің арнайы дәріс алды.

Фариза Өтесбай, Мұқағали Нұрдаулет, Алматы телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Сингапурлықтар Алатау қаласының жобасымен танысты

Новости партнеров