|
22.02.2019 | 16:32
6675

Алматыда жаңа салынған жанармай бекеті қайта сүрілуі мүмкін

Медеу ауданының тұрғындары үйлерінің іргесіне салынған жанармай бекетінің ашылуына қарсы

Алматыда жаңа салынған жанармай бекеті қайта сүрілуі мүмкін

Медеу ауданының тұрғындары екінші жыл қатарынан салынып жатқан жанармай бекетінің құрылысына қарсы. Айтуларынша, бар мәселе – бекет үйлерінің дәл жанында әрі биікте орналасқан. Ал газ құбырлары мен электр желілері дұрыс жүргізілмеген. Соның кесірінен кез келген уақытта қайғылы жағдай орын алуы ғажап емес дейді тұрғындар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Сергей Терёхиннің бұл жерде тұрып жатқанына жарты ғасырдан асқан. Үйі ата-анасынан қалғандықтан, басқа жаққа көшкісі жоқ. Алайда, соңғы кезде бұл ауданда тұру қауіпті бола бастады деген Сергей үйін ауыстыру жағын ойлап жүр.

«Моншадан сыртқа шықпақ болып есіктен аттай бергенімде, әлдебір тас ұшып келіп, сарт етіп есікке тиді. Әйтеуір, ғайыптан аман қалдым», дейді Сергей.

Басына тас құлап кете жаздаған Сергей мұндай жағдайлар жанармай құю бекетін салғалы басталды дейді. Алдымен, құрылыс кезіндегі қатты дірілден үйдің қабырғалары мен төбесінде жырықтар пайда болған. Шамасы жеткендер үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасап алған, ал Сергейдің ескі үйінің іргетасы мүжіліп жатыр.

Жанармай бекетінің қожайыны тірек қабырғасын орнатып қойған. Алайда, тұрғындар одан еш пайда жоқ деп отыр. Көктем келіп, күн жылысымен мұндағы зиянды заттар мен құрылыстан қалған барлық қалдықтар қар суымен бірге біздің ауламызға қарай келеді деп алаңдап отыр.

Шухов көшесінің оңтүстігінде орналасқан жанар-жағармай бекеті тапсырылуға дайын тұр деуге болады. Алайда, балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар оның ашылуына қарсы.

«Біз қарсымыз! Себебі, үйіміздің дәл іргесіне салынды, оның бензин сақтайтын қоймалары да бар. Ол қойма жарылып кетуі де мүмкін ғой!.. Олар қырдың үстінде тұр, ал біз астында тұрмыз», «Осы жанармай бекетін салып жатқанда үй-жайымыз қатты дірілдеп, солқылдап тұратын. Мына жерде газ құбырлары өткізілген, ол құбыр бері қарай дұрыс тартылмаған. Үстінде тоқ сымдары жатыр. Бұл ойнайтын дүние емес. Егер газ жарыла қалса, біздің шағынауданның түгелдей күлі көкке ұшады», деген тұрғындар өз дәлелдерін алға тартты.

Жүргізілген тексерістер бекет құрылысының талапқа сай келмейтінін анықтады. Құрылыс басқармасындағылар сот арқылы нысанды сүреміз деп отыр. Оған қоса, ақпан айының басында жанармай бекеті қожайындарының жер учаскесін жалға алу мерзімі аяқталыпты. Ал әкімдік қаулысымен олардың уақытын ұзартудан бас тартқан.

«Талап арыз түсіруге біздің тарапымыздан жүргізілген тексерістердің нәтижесі сеп болды. Бірнеше заңбұзушылықтар анықталып, бұл құрылыс нысанында яғни, жанармай бекетінің сәулет-құрылыс жұмыстары бойынша олқылықтар анықталды. Яғни, мақұлданған жобалық шешімдерден ауытқулар бар. Бұл аймақ келісілген жобаға сәйкес келмейді», – деді Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Арман БАТЫРХАНОВ.

Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир