Алматыда үздік журналистер мен блогерлер марапатталды. Байқауға телеарна, газет, әлеуметтік желіде журналистердің жариялаған 100-ден астам материалдары келіп түскен. Басты тақырып – қала дамуы мен денсаулық саласының қауіпті індетпен күрес жүргізуі туралы болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Арнайы марапатты қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров табыс етті. Ақпарат майданында жүрген әріптестеріміздің еңбегі он номинация бойынша іріктелді. Оларды тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссия тобы бағалаған. Үздіктердің арасында Алматы арнасы жаңалықтар қызметінің журналисі де бар. Рамина Мерзалимова – қалада төтенше жағдай кезінде инфекциялық ауруханаға барып, науқастармен тілдесті. Одан бөлек, дәрігерлер мен күні-түні блок-бекеттерде қызметте болған тәртіп сақшыларының жұмысын көрсетті. Қазылар алқасы осы еңбегін бағалап, «Үздік сюжет» аталымымен марапаттады.
«Байқауға ұсынған материалымның түсірілімі оңай болмады. Инфекциялық ауруханаға кіріп, ондағы жағдайды бағамдау кезінде мен ғана емес, түсірілім тобымызбен қобалжыдық. Десе де алдымызда тұрған басты мақсат – материалды сәтті алып шығу еді. Бүгін сол мақсатымның орындалғанын көріп отырмын. Бұл менің ғана емес, телеарнаның жетістігі деп білемін», – деді «Алматы» телеарнасының тілшісі Рамина Мирзалимова.