|
06.02.2020 | 22:30
3661

Алматыда шетелдік сарапшылар сүт өнімдерінің сапасын талқылады

Қазіргі таңда елімізде сүт өнімдерінен бас тартқандар қатары артып келеді.

Алматыда шетелдік сарапшылар сүт өнімдерінің сапасын талқылады

Сүт өнімдерінің адам ағзасына тигізер пайдасы бар ма? Неліктен сауда орындарында сатылатын сүттің сақталу мерзімі ұзақ. Бүгін шет мемлекеттен келген сарапшы мамандар бұл сұрақтарға жауап іздеді. Олар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, әлеуметтік желілерде тараған сүт өнімдерінің зияны жөніндегі деректерді талдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазіргі таңда елімізде сүт өнімдерінен бас тартқандар қатары артып келеді. Оның басты себебі - бұл төңірегінде тараған қауесеттер. Сүттің ересек адам ағзасына зиянды екені, оның құрамында антибиотиктер мен консерванттар бар деген әңгімелер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Алайда,  диетология және педиатрия саласының белді сарапшылары бұл ақпараттарды жоққа шығарды.

«Сүттің ересек адамдарға пайдасы жоқ деген әңгімелер негізсіз. Сүттің құрамында ақуыз пен кальций бар. Ағзаның басқа да жүйелерінің қызмет етуі үшін кальцийді ересек адамдар күніне 1000-1200 мг мөлшерде пайдалануы қажет. Кальций ағзаға сырттан енбесе, организм оны сүйектен тартып алып, адам остепороз ауруына шалдығады», – деді ресейлік педиатр, нутрициолог Евгения СОКОЛОВСКАЯ.

Басқосуда сондай-ақ, ашымалы сүт өнімдері құрамындағы пайдалы бактериялар туралы айтылды. Оның ішек жұмысын реттейтіндігі белгілі болды.

«Сүт – адам ағзасына ең қажетті өнімдердің бірі. Оны тұтынбау, қолданыстан алып тастау - кальций тапшылығына әкеп соғады. Ол өз кезігінде организмнің эндокриндік жүйесіне кері әсерін тигізеді. Сүттің локтобактериялармен өңделуінің нәтижесінде ашымалы сүт өнімдері пайда болды. Ол адамның иммундық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін аса қажет», – деді ҚР Сүт өндірушілер одағының оңтүстік аймақ бойынша өкілі, сарапшылар тобының мүшесі Дінмұхамед АЙСАУЫТОВ.

Ресейден келген сарапшылардың түсіндірме жұмыстарынан кейін, қатысушыларға шеберлік класы өткізілді. Онда бас аспазшы сүт өнімдерін дұрыс пайдалана отырып, пайдалы, дәмді таңғы ас әзірлеуге көмектесті.Шараға қатысушылар сүт өнімдерінің пайдасы мен зияны жөнінде тың деректер ала алды.      

«Мен үшін көп тың ақпараттар болды, себебі менің балам сүт өнімдерін қатты жақсы көреді. Әсіресе, сүтті күніне литрлеп ішеді. Осы жиында мен сүттің аса көп қолданылуы зиян екенін білдім. Мысалы, сүтті көп ішкен баланың ағзасынан темір элементі тез шайылып кетеді екен. Соған таң қалып отырмын», – деді «Сырласу» журналының бас редакторы  Кәмшат ӘКІМҚОЖАҚЫЗЫ.

Сарапшы-мамандар сондай-ақ, заманауи зауытта, сапалы шикізаттан алынған сүттің сақтау мерзімі әлдеқайда ұзақтау болатынын мәлімдеді.

Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир