Алматыда былтыр күзде жылыту маусымы басталғалы өрттің шығуы алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2 есеге көбейген. Соның ішінде өрттің 30 пайызы көпқабатты үйлерде болады. Себеп: газ баллонын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелері ескерілмейді. Осыған орай Төтенше жағдайлар департаменті еріктілермен бірігіп тұрғын үйлерде рейд жұмыстарын жүргізді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов баяндасын.
Алатау шағын ауданында табиғи газбен қамтылмаған дәл осындай 5 көпқабатты үй бар. Мұнда тұратындардың барлығы дерлік газ баллон қолдануға мәжбүр.
Төтеншеліктердің айтуынша, газ баллонын пайдаланатын үйлерде қауіп жоғары. Сол себепті мамандар ережелерді ертерек айтып, қауіпсіздікті үнемі ескертіп отырады. Рейдке шыққан арнайы топ Ибрагимов көшесіндегі 18-үйдің тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынама парақтарын таратты.
«Тұрғын үйлерде өрттің алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар жүргіздік. Бұл шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Өрт қауіпсіздігін сақтау үшін брашура таратылды, айтылды, түсіндірілді. Рейд жұмыстары апта сайын жүріп тұрады», – деді Медеу аудандық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Алмас Ілиясов.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес Алматы қаласында 2020 жылдан бері бүгінгі күнге дейін газ баллондарының 10 жарылысы тіркелген. Соның біреуі жақында ғана осы көпқабатты тұрғын үйдің 4-қабатынан шыққан.
29 қаңтарда кешкі сағат 19.00-20.00-дің арасында газ баллоннан шыққан жарылыс дәл осы үйде болған. Мамандардың болжамынша, өрттің шығу себебі оттың ашық көзінен болу мүмкін деп сипаттайды. Ал үй иесінің денесін 80 пайыз күйік шалып, ауруханаға ауыр халде түскен
«Біз сыртта тұрғанбыз. Кенеттен қатты жарылыстың дауысы естілген болатын. Бірақ біз мұны камаздан шыққан дауыс деп ойладық. Содан көршілер айқайлаған даусы естілді. Барсақ 4-қабаттағы үй өртеніп жатыр екен. Кейін жедел жәрдем шақырдық», –
деді куәгер Ирина Унгемахт.
Айта кетейік, мамандар жадынама тарату жай ғана жұмыс емес. Ал, оны тұрғындар мұқият оқуы шарт дейді. Тиісті ереже ескерілген жағдайда ғана қауіптің алдын алуға болады.
Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы