Президенттіке үміткер Төлеутай Рақымбековтың штабы Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл нақыштары» атты арнайы фотокөрме өткізді. Елорда төріне шалғайдағы елді мекен тұрмысынан сыр шертетін суреттер қойылып, қала тұрғындарының жақынырақ танысуына мүмкіндік жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шара аясында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы да таныстырылды. Көпшілік назарына ұсынылған туындаларда ауылдың қазіргі тұрмыс-тіршілігі, бет-бейнесі мен әлеуметтік мәселелері керемет көрініс тапқан.
«Бұл суреттерде ауыл балаларының өмірі, үлкендер мен жастардың қарым-қатынасы, кейбір әлеуметтік мәселелер, бәрі бар. Әрине, бұл көрме біздің үміткердің бағдарламасымен тікелей байланысты», – дейді «АУЫЛ» ХДПП Орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш СЕЙТЖАНОВ.
Елордадағы көрмеге республикалық жарыста үздік атанған туындылар қойылды. Яғни, осы мақсатта бірер ай бұрын «Ауыл» партиясы арнайы байқау жариялап, оған еліміздің барлық аймағынан 300-ден астам фотосурет келіп түскен еді. Араларынан ең үздік деп танылғандары енді көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың сайлауалды бағдарламасы осындай ауылдардағы тұрмысты жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған.
«Суреттерді көргенде жастық шағым есіме түсті. Тіпті, бірден ауыл жаққа тартып кетіп, дархан даланы жылқымен шарлағым келіп кетті. Әр көрермен өз керегін алып жатыр. Төлеутай Рақымбеков сайлауалды штабының негізгі мақсаты да осы ауылды аңсап жүрген қала тұрғындарына рухани күш сыйлап, сағынышын басуға мүмкіндік жасау болатын», – дейді «Ауыл» ХДПП саяси кеңесінің мүшесі Фарид АҚБЕРДИЕВ.