Жаңа жыл – әрбір бүлдіршіннің жыл бойы асыға күтетін ғажайыпқа толы мерекесі. Аталмыш күн қарсаңында Петропавл қаласының еріктілері қайырымдылық жасап, жарысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері. Мұнда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 39 бала бар. Тағдыры әртүрлі, бірақ барлығы бірдей бақытты балалық шақ пен ата-ананың жылуын аңсайды. Осыны ескерген еріктілер мен белсенділер «Балаларға ертегі сыйлайтын уақыт» деп аталатын іс-шара аясында шырша безендірді.
– Мұнда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрады. Біздің іс – шараның мақсаты – балаларға қоғамда қажет екенін жеткізу. Мерекелік бағдарлама дайындадық, түрлі конкурс өткізіп, Аяз ата мен Ақшақар және басқа да сиқырлы кейіпкерлермен ойын ойнаттық, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Дамир Абдин.
Балалар ауылына жақсылық жасап жарысып жүрген «Көмек жақын» еріктілер қозғалысы, жастар ресурстық орталығы мен мәдениет үйінің қызметкерлері жиналды. Бүлдіршіндер үшін арнайы мерекелік бағдарлама дайындалып, тәттілер мен сыйлықтар тарту етілді. Әр баланың тілін тауып, ата-ананың орнын басып жүрген жандар – тәрбиешілер десек, солардың бірі Теңдік Жақаева отбасылық үлгідегі балалар үйінде 6 жылдан бері жұмыс істейді. Оның айтуынша, еріктілер бүлдіршіндерді үнемі назардан тыс қалдырмай, көңіл бөліп отыруға тырысады.
– Балаларды өз баламыздай жақсы көреміз. Қолдан келгенін үйретеміз. Жаңа жылды олармен бірге қарсы алуға дайынбыз, – деді отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиешісі Теңдік Жақаева.
Ал балдырғандар Аяз ата мен Ақшақардың келуін асыға күтіп, тәтті сыйлықтарды алу үшін мұқият дайындалды.
Айта кету керек, отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері арасында ағайынды Иван, Виктория мен Олег Леонтьевтер бар. Бүлдіршіндер өлең жаттап, әдемі жаңажылдық киімін дайындап, арманының орындалуын тіледі.
– Маған Аяз Атаға өлеңдер айтып, көңіл көтергеніміз ұнады. Аяз Ата мен Ақшақар керемет сыйлық дайындаған. Рақмет! – деді отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі Виктория Леонтьева.
– Аяз Ата келіп, сыйлықтар берді. Барлық балаға жетті. Бізге келіп, мерекемен құттықтағандары үшін рақмет. Тәрбиешілерге бақыт пен денсаулық тілеймін, – деді отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі Олен Леонтьев.
Жаңа жыл қарсаңында еріктілер ұйымы 600-ге жуық бала мен 192 аз қамтылған жанұяны құттықтауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жастар ресурстық орталығы мен «Көмек жақын» еріктілер қозғалысы 300-ге жуық кішкентай Петропавлдықтарға мерекелік көңіл күй сыйлап үлгерген.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, Алматы телеарнасы, СҚО-дан
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа жылдық фестиваль басталды