Көпбалалы отбасыларға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінбек

Көпбалалы отбасыларға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінбек
Елордадағы 10 мыңнан астам көпбалалы отбасының 3,5 мыңдайы аз қамтылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қалада көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша жоспарланған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы бюджет аясындағы шараларды іске асыруға 5 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Алдағы аптада бюджет нақтыланып, біз қосымша 8 шараны енгіземіз және осы орайда тағы да 2,5 млрд теңге бөлінбек», - деді Б. Сұлтанов елордадағы көпбалалы аналармен өткен кездесуде.

Сонымен қатар, ол осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды. 

«Биыл 8 ақпаннан бастап қалада тұрғындармен 60-қа жуық кездесу өткізілді. 8 мыңнан астам осы кездесулерге қатысты. Елордада 10 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар, оның ішінде 3,5 мыңнан астамы аз қамтылған», - деді әкім.

Б. Сұлтанов елорда әкімдігінде көпбалалы аналарға әлеуметтік көмек көрсетудің 13 кешенді шарасы әзірленіп, іске қосылғанын атап өтті. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елорда әкімдігінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша көпбалалы аналармен кездесті. Сонымен қатар, шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты.  



Новости партнеров