Оқушының ата-анасынан соққы жеген мұғалім сот залынан ауруханаға жеткізілді

Оқушының ата-анасынан соққы жеген мұғалім сот залынан ауруханаға жеткізілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында оқушының ата-анасынан соққы жеп, шағымы бір жылдан соң ғана қаралып жатқан сотта жағдайы күрт нашарлаған ұстазды ауруханаға алып кетті. Қорғаушының айтуынша, тепкіге түскен мұғалім әлі толық сауықпаған.

Қылмыстық істің бүгінгі отырысында шағымданушы тараптың қаржылық шығыны талқыланды. Мемлекеттік айыптаушы Гүлзира Байділдаеваның қандай аурухана, қай дәрігерге қашан барғаны және қанша ақша жұмсағанына дейін тәптіштеп сұрады.

«Сіз сөзімді бөлмесеңіз екен, прокурор мырза. Ешкімге халықаралық іздеу салып, жер аударып жіберудің қажеті жоқ. Бірақ Іле аудандық Ішкі істер бөлімі мен прокуратураның арасы таяқ тастам жер болса, аталмыш іс неге екенін, тым ұзаққа созылып кетті», – деді адвокат.

«Кенен Әзірбаев атындағы № 15 мектептегі орын алған шулы оқиғаны сыртқа шығармау үшін мектеп директоры мұғалімдерге қысым көрсетті. Басшылардың үздіксіз қысымынан жұмыстан шығуға мәжбүр болдым» деді таяқ жеген ұстаз.

Жәбірленуші тарап материалдық шығын ретінде 1,4 миллион, келтірген моральдық залал ретінде 3 миллион теңге талап ете отырып, күдіктіні заңмен жазалауды сұрады. Алайда, күдікті Надежда Митрешенко істі медиациялық әдіспен шешуді ұсынып, талап етуші тарапты аяқ астынан келісімге шақырды.

Бір жылға созылған шулы оқиғаның соңғы нүктесі ертең белгілі болмақ.


Новости партнеров