Біржан Нұрымбетов жаппай жалақыны көбейту жоспарымен бөлісті

Almaty.tv
Almaty.tv
Сондай-ақ елімізде бала күтіміне қатысты жәрдемақы 3 жасқа дейін созылуы да мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда мүгедектер күтіміне жәрдемақы енгізілуі мүмкін. Ал бала күтіміне қатысты көмекақының уақыты ұзартылмақ. Осындай бастаманы еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көтеріп отыр. Қазір ол бала 1 жасқа толғанға дейін төленуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бала күтіміне қатысты жәрдемақыны 1,5 немесе 3 жылға дейін ұзарту ойға қонымды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осылай дейді. Оның айтуынша, жұмыс істемейтін аналар бюджеттен ай сайын 1 жыл бойы 15-24 мың теңге алып отырады. Ал жұмыс істейтін аналар Әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайын жалақысының шамамен 40 пайызын алады. Бұдан бөлек, министр мүгедектер күтіміне жәрдемақы енгізу көзделіп отырғанын жеткізді.

«Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға мемлекеттік қолдау қажет деп ойлаймын. Біз мүгедектігі үшін күтімге жәрдемақы төлеу бастамасын көтермекпіз. Қазіргі кезде ата-аналар мен қамқоршыларға мүгедек бала күтіміне, сонымен қатар бала кезінен бірінші топтағы мүгедек бала күтіміне жәрдемақы қарастырылған. Бірақ, бала кезінен емес бірінші топтағы ересек мүгедектер бар. Олар да айрықша күтімді керек етеді. Сондықтан қосымша жәрдемақы енгізу дұрыс болар еді. Бұл әзірге министрліктің жоспары ғана», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Біржан Нұрымбетов, сондай-ақ, ең төмен жалақының мөлшерін ұлғайту жоспарымен де бөлісті. Мәселен, 2023 жылға қарай оны 30% пайызға дейін жоғарлату көзделген. Бұдан бөлек, күнкөріс деңгейін көтеру де жоспарланып отырған көрінеді.

«Бізде былтырғы жылы жан басына шаққандағы кірістер 103 мың теңгені құрады. Бірақ соның өзі төмен. Сондықтан Еңбек министрлігінің қабырғасында бірқатар міндет қоюдамыз. Біріншіден, күнкөріс деңгейін қайтадан қарастырып жатырмыз. Оның құрылымы мен мөлшерін қайта қарау маңызды», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.

Бұдан бөлек, брифингте еліміздегі алпауыт кәсіпорындарында мыңнан астам заңбұзушылық анықталғаны мәлім болды. Еңбек және көші-қон заңнамаларын өрескел бұзған өндірістік ошақтарға 100 миллион теңгеге айыппұл салынған. Жарты миллионнан астам шетелдік маман елден шығарылды. Бұл Қытай, Ұлыбритания, Албания және өзге де мемлекеттердің азаматтары.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Алматы телеарнасы Нұр-Сұлтан

Новости партнеров