|
Qoǵam
19.02.2019 | 19:43

Өз үйінің өрт қауіпсіздігіне әркім өзі жауап беретінін ұмытпау керек – министр

Министр тұрғындармен үгіт-насихат жүргізетін өрт сөндірушілер жетіспейтінін атап өтті

Өз үйінің өрт қауіпсіздігіне әркім өзі жауап беретінін ұмытпау керек – министр

Елімізде өрт сөндірушілер жетіспейді. Өткен аптада Ішкі істер министрі болып тағайындалған Ерлан Тұрғымбаев қазақстандықтарды әлі де сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министрдің сөзінше, елде қауіпсіздік шаралары нашар болса да, тұрғындар тіршілік етіп жатқан уақытша баспаналар көбейген. Қолдан жасалған пеші бар лашықта тұратындармен үгіт-насихат жүргізетін өрт сөндірушілер жетіспейді. Сондықтан қызыл жалынға қарсы азаматтар өздері сақтық танытып, қауіпсіздік шарасын білуі керек деп ескертті.

«Азаматтар бірінші кезекте өзімен қоса, балаларының да  қамын  ойлауы керек. Неге екені белгісіз, олар әруақытта мемлекет пен органдар кінәлі деп ойлайды. Иә, шынымен де, біз өрт қауіпсіздігіне қарсы тұратын мамандармыз. Бірақ өз қауіпсіздігіне, үйіне, ондағы пешке ел тұрғындары өздері жауап беретінін есте сақтау керек», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.

Үкімет отырысына алғаш рет қатысқан Ерлан Тұрғымбаев бұрынғы министр Қалмұханбет Қасымов сияқты журналистердің сұрақтарынан қашпайтынын, тілшілермен дос болатынын айтты.

«Сіздерден ешқайда қашпаймын, дос боламын. Кеңесшім бар, жұмысты бастап кеттік», – деді министр.