|
20.06.2019 | 16:51
5058

Алматы метросына қару мен есірткі алып кірмек болған азамат ұсталды

Қаладағы метро бекеттерінде 350-ге жуық бейнебақылау камералары жұмыс істейді

Алматы метросына қару мен есірткі алып кірмек болған азамат ұсталды

Алматы метросына қару алып кірмек болған азамат ұсталды. Полицейлер оны кіре берістегі есікте қолға түсірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жас жігіт қаруларды базардан алғанын айтады. Алайда, ешқайсысының құжаты жоқ болып шықты. Сондай-ақ, әзірге оның тапаншаны не үшін алып жүргені де белгісіз. Ол аз десеңіз, күдіктінің сөмкесінен тағы бірнеше қару мен белгісіз ақ ұнтақ та табылды.

Тәртіп сақшысының айтуынша, мұндай жағдай күніне 2-3 рет тіркеледі екен. Азаматтардың сөмкелерінен көбіне травматикалық қару, автоматтың оғы, кастет сынды суық қарулар табылса керек. Ондайда заң бұзушыға хаттама толтырылып, тәркіленген заттарды жергілікті полиция қызметкерлеріне жолдаймыз дейді ол.

«Заң бұзушылықтар күніге дерлік болып тұрады. Әрине барлығы жолаушыларға байланысты. Кейбір кісілер ішіп алып, көпшіліктің мазасын алады. Әкімшілік құқық бұзушылық, кейде тіпті қылмыстық құқық бұзушылықтарға да жол береді. Біздің міндетіміз – солардың алдын алу, қылмысты болдырмау», – деді Алматы қаласы ПД метрополитендегі ПБ ППР бөлім командирі Нұрғанат БАЙСАБАЕВ.

Полиция қызметкері күн сайын стансаның көлеміне қарай әр бекетке 2-3 қызметкер кезектесіп қарайтынын айтады. Кейде ұрлық немесе вандализм сынды заң бұзушылықтар бейнебақылау камерасы арқылы да анықталып жатады екен. Жалпы, қаладағы метро бекеттерінде 350-ге жуық бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Мәселен, бір ғана «Жібек жолы» стансасында 30 бейнекамера орнатылған көрінеді. Бекет сол диспетчерлік орталықтан бақыланады екен. Күнде екі маман жұмыс істейді. Егерде қылмыс орын алса, полицейлер жазбаны қолдануларына әбден болады. Себебі мұндағы материалдар 30 күн бойына сақталады.

«Сайран», «Мәскеу» стансаларында 50 камерадан бар. Қылмыстық оқиға болған жағдайда біз дереу полицияға хабарлаймыз. Егер бізден бейнежазба сұраса, басшыларымыздың рұқсат қағазы болса ғана бере аламыз», – деді Алматы метрополитені ахуалдық орталығының операторы Дина ЕСМАМБЕТОВА.

Бір ғана «Жібек жолы» бекеті арқылы тәулігіне 7 мың адам жүреді екен. Полицейлер мұндай қоғамдық жерде тәртіп сақтау да оңай болмайтынын айтады. Алайда жолаушылардың сөмкесін тексеретін арнайы сканерлер мен бейнебақылау камералары жұмысымызды оңтайландырып, қылмысты тез ашуға септігін тигізіп жатыр дейді олар.

Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир