Журналист Айбар Олжай Ұлттық қорға түскен ақша былтырғы көлеммен салыстырғанда 2 есе көбейгені туралы Ғacebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Ұқыптырақ ел болып келе жатырмыз. Қазақстан қалтасына қарай көсіле бастады. Біз бұл сәтті ұзақ күткен едік. Себебі биыл ақырындап ақша жинай бастадық. Қарыз алуды да азайту мүмкіндігі бар. 2022 жылдың жарты жылы артта қалды. Кредит пен дебетті соғып, қанша таптық, қанша құрттық деп есеп беретін уақыт келді.
Осы орайда, өткен 6 айдың басты екі жаңалығы бар және олар Қазақстанның экономикалық рационализм жолына түскендігін айғақтайды.
Бірінші – Ұлттық қорға түскен ақша былтырғы көлеммен салыстырғанда 2 есе көбейді. Әрине, ол жоғары мұнай бағасына қатысты екені түсінікті. Бірақ, салықтық дисциплинаның жақсарғаны байқалады. Енді оны жалпы бюджеттік дисциплинаға ұластыру керек. Себебі осы жарты жылда бюджеттің шығыс бөлігі тағы 20 пайызға артып отыр. Қаржыгерлер қауымдастығы берген мәлімет ішіндегі шоғырландырылған бюджет көрсеткіштеріне қарасақ, біз алты айда 10,2 триллион теңге салық жинадық», – деді ол.
Оның айтуынша, шоғырланған бюджет профицитті және сыртқы қарыз көлемін қысқартуға мүмкіндік ашады. Биыл Үкіметтің қарыз алу жоспары 4,6 триллион теңге болатын. Қазір осы көлемнен 1,7 триллион теңге қарыз алынды. Сыртқы жағдай қолайлы болса, Үкімет қарыз алу қарқынын бәсеңдете алады. Тағы 2 триллион алып, 3,7 триллион теңге қарызбен тоқтауы мүмкін. Шоғырланған бюджет біраз жылдан бері дефицитті болып келіп еді. Биыл 1,4 триллион теңге профицит байқалып отыр.
«Бірақ Ұлттық қорға қол салу мәселесінің әлі де шешілмегенін мойындау керек. Биылғы трансферт көлемі 2,4 триллион теңге. Ол былтырғы жартыжылдықтан 15 пайызға көп. Енді 2023 жылдан бастап, осы трансферт көлемі азаяды деп үміттенеміз. Себебі егер тарта жесек, әрі Алтын Орда, Барахолка, Қорғас, Қордай кедені сынды көлеңкелі экономика ошақтарында тәртіп орнатсақ, Ұлттық Қорсыз-ақ жиналған салыққа өмір сүруге болады», – деді Айбар Олжай.
Сондай-ақ сарапшы Ұлттық қор активтерінің көлемі тек кіріс пен шығысқа байланысты еместігін айтты. . Мысалы, қазір оған түскен ақша екі есеге артса да, оның өсімі тек 6% болып отыр. Бұл – курс айырмашылығын, акциялар құнын қайтадан бағалау/есептеуден активтер осылайша секіріп тұрады.
«Ұлттық Қорды теңгемен есептеуден кету қажет деп ойлаймын. Ол бәрібір доллармен толығатын, соның эквивалентінде есептелетін ақша. Оны теңгеге шағу (курс ауысып тұратындықтан) небір статистикалық манипуляцияларға алып келіп жүр. Мысалы, доллардағы активі 50 миллиардтан өзгермесе, бірақ алты айда теңге бағамы құлап қалса, Ұлттық қордың теңгеге шаққандағы көлемі бәленбай триллионға өсті деп мақтана салу қиын емес. Бірақ ол өз-өзіңді алдау болып шығады», – деді ол.