Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік дамып келеді

 Almaty.tv
Almaty.tv
Кәсіпкердің ендігі мақсаты – қызметке көпбалалы әкелерді жұмылдыру
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Дамушы елдерде қарқын алған әлеуметтік кәсіпкерлік Қазақстанда да дамып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Куляра Маненованың Әуезов ауданында орналасқан сұлулық салоны бар. Қоғамның әлеуметтік әлеуетін жақсартуға ниеттенген ол,  1 жыл бұрын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қысқа мерзімді курстары аясында шаштараз-стилист мамандығын иемденіп, әлеуметтік сұлулық салонын ашуды ұйғарған. Бүгінде бұл жерде мүгедектерге, оларды асыраушыларға және зейнеткерлерге тегін қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ ол көпбалалы отбасы мен мүгедектігі бар балалардың асыраушыларын кәсіпке баулып отыр.

«Бизнес арқылы ашқан жоқпыз, көмек болсын деп аштық.  Көмек болсын дегенде, тегін шаш қию, үйрету. Мысалға біреудің отбасында 7 бала болса, оның барлығына 500 теңгеден санағанда отбасы үшін қымбат болады. Ал мамасы үйреніп алса, өзінің балаларын және көршілері бар, шашын қиып, пайда табады деп ойлаймын», – деді әлеуметтік кәсіпкер Куляра Маненова.

Қазіргі таңда сұлулық салонында 10-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Ұжым – көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар баланы асыраушылар  және колледж түлектерінен құралған. Олардың жалақысының 70 пайызын жұмыспен қамту орталығы өтейді.

«Көпбалалы анамын, 4 баланың анасымын. Осында салон ашылғанда бізді тегін оқытты.Сөйтіп 2 ай оқыдым. Сосын осында жұмысқа алды, жұмыс істеп жатырмын. Жұмыс керемет, Құдайға шүкір! Клиентіміз көп», – деді көпбалалы ана Айнұр Саршаева.

Жалпы әлеуметтік мәселені жақсартуға бағытталған кәсіп ашып, нәсіп көремін деген жандар «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан кез-келген мәселе бойынша кеңес алуға болады.  

«Мүдектігі бар жандар, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпкерлер қызмет көрсету орталығында тегін қызмет түрін пайдала алады. Кез-келген мәселе бойынша заңнамалық сұрақтар туындайды. Сондықтан оларға тегін кеңес береміз. Құжатты тегін рәсімдеп береміз», – деді  «Атамекен» ҰКП Наурызбай ауданы филиалының директоры Мақсат Сералы.

Бүгінге дейін аналарды жұмыспен қамтып жүрген кәсіпкердің ендігі мақсаты – қызметке көпбалалы әкелерді жұмылдыру. Оған қатысты жоспары да бар екен. Оның айтуынша, жұмыссыздықпен емес, жалқаулықпен күресу керек.

Қайрат Советбекұлы, Арсен Сандыбаев, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров