Алматыда Жастар жылы аясында журналистер мен блогерлер арасында өткен «Жасампаз елдің жастары» байқауында «Алматы» телеарнасының тілшісі Перизат Көмекбайқызы «Үздік телевизиялық сюжет» аталымында бас жүлдені жеңіп алды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 7 млн теңгені құрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан жастарының өмірі мен оларға әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсету тақырыбында «Жасампаз елдің жастары» конкурсы осыдан 2 ай бұрын бастау алған. Оған еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары жыл басынан бері жарияланған материалдарын ұсынды. «Үздік телевизиялық сюжет» номинациясында топ жарған «Алматы» арнасының тілшісі Перизат Көмекбайқызы бұл жеңістің күтпеген тосынсый болғанын айтады. Ал, бүгінгі марапат – 20 жылдығын атап өтіп жатқан «Алматы» телеарнасының ортақ жеңісі дейді.
«Байқау енді басталған кезде өзім сол жайлы түсіріп едім. Содан кейін ойландым, өзім осы жастарға байланысты қандай материал дайындадым, не жасап едім деп. Сол кезде жыл басында жасаған сюжетім есіме түсті. Содан ұсынып көрдім. Міне, нәтижесі осы. Жалпы, «Алматы» телеарнасы биыл өзінің 20 жылдығын атап өтіп жатыр. Телеарнаны алып шаһардың тыныс-тіршілігін көрерменге жеткізетін жаршы деп айтуға болады. Мен мұны ортақ жеңіс деп есептеймін», – дейді «Жасампаз елдің жастары» байқауының жеңімпазы, журналист Перизат КӨМЕКБАЙҚЫЗЫ.
Перизат «Алматы» арнасының Жаңалықтар қызметінде 7 жылдан бері жұмыс істейді. Көбіне әлеуметтік мәселелер мен мәдениет тақырыбының майын тамызып жазатын тілшінің тұщымды сюжеттері көрермен көңілінен шығып жүр. Сауатты да білікті тілшінің бүгінгі жеңісіне шын қуанған әке кеудесін мақтаныш сезімі кернеді.
«Бүгін қызымның осындай марапатқа жеткеніне өте қуаныштымын. Баршаңызды кешегі өткен Журналистер мерекесімен құттықтаймын. Енді сіздердің жұмыстарыңыз қиын да, қызық. Осындай жеңісті барлығыңызға тілеймін, биіктерден көріне беріңіздер!», – деді Перизаттың әкесі Көмекбай ХУДАСОВ.
Аталмыш байқауды «Qadam Intech» қоғамдық қоры Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысы бойынша өткізді. Биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған байқауға 200-ден аса өтініш келіп түскен. 7 адамнан тұратын қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады дейді.
«Байқауға тек Алматы қаласы ғана емес, республикамыздың түкпір-түкпірінен 200-ден астам өтінім келіп түсті. Біз материалдардың объективтілігі мен мазмұндау кәсібилігіне және автордың тақырыпты ашудағы шеберлігіне мән бедік», – дейді «Qadam intech» қоғамдық қорының бас директоры Мақсат ДҮЙСЕБАЕВ.
Сайыстың «Үздік мақала» аталымында «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Әсел Дағжан миллионды қанжығасына байлады. Үздік радиоматериал аталымында «Рауан» радиосының тілшісі Диана Лизунова үздік деп танылса, «Ақпараттық агенттіктердің үздік мақаласы» номинациясы Нұргүл Әубәкіроваға бұйырды. Бұдан бөлек, «Мерзімді БАҚ-тағы үздік жарияланым», «Үздік фотоматериал» сынды барлығы 7 номиация бойынша жеңімпаз атанғандар алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, былтыр да «Алматы» арнасы Меншіктік өндіріс департаментінің директоры Дана Бақтығалиева дәл осы байқауда «Үздік телевизиялық сюжет» номинациясын жеңіп алған болатын.
Тоғжан Жалғасбекқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы