Бүгінде Еркін Меңдешев Медеу аудандық ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып жатыр
Полицейлер әулетінің ізбасары Еркін Меңдешев атасының ізін қуып, тергеуші қызметін атқарады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы ПД мәліметі бойынша полиция капитаны Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды Академиясында білім алған. Бүгінде Еркін Меңдешев Медеу аудандық ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып жатыр.
«Кішкентай кезімде атамнан жұмысы туралы әңгімесін жиі еститінмін, формасына қарайтынмын, сол кезде менің болашағым анықталып қойған сияқты», - дейді Еркін.
Аты аңызға айналған жедел уәкіл – Габдрахим Меңдешев 1963 жылы Алматы қаласы Фрунзе АІІБ ҚІБ-да жедел уәкіл болып еңбек жолын бастады. 1996 жылы ҚР ІІМ Қылмыстық іздестіру Бас басқармасының бастығы қызметінен зейнетке шыққан.
«Тергеу – ішкі істер органының жетекші қызметінің бірі. Қылмыс құрамы бойынша барлық әрекетті қорытындылайтын қызмет», – дейді капитан Меңдешев.
Жас полицейдің жұмыс күні бәрінен бұрын басталып, бәрінен кеш аяқталады. Еркін сол үшін де әлі отбасын құрмаған сияқты.
«Әрине, кез келген жұмыстың қиындығы болады. Тергеушінің жұмысы өте жауапты және шындықты анықтау үшін айтарлықтай күш-жігерді, табандылықты қажет етеді. Кейде ақпараттың аздығынан, болған оқиғаның сұлбасын қалпына келтіру үшін оны біртіндеп жинай бастайсың. Бұл ең қиыны және қызықтысы. Қағида, ақыл, теориялық білім, заңдарды дұрыс және сауатты қолдана білу маңызды», - деді Еркін Меңдешев.