Көкшетауда «Өрлеу» акционерлік қоғамы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры әрі қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Есімбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды stan.kz.
Еркін Есімбаев мемлекеттің сеніп тапсырған қаржысын бас пайдасына жаратқаны үшін айыпталған еді.
Институттың басшылық қызметін атқарған Еркін Есімбаев өзінің әйелі Гүлнәр Тәшенованы 2012 жылдың 1 қазанында оқу корпусының коменданты ретінде жұмысқа алған. Ал 2014 жылдың 30 мамырынан бастап өзінің қызы Айғаным Тұрашты хатшы-референт қызметіне тағайындаған. Осы жылдың қыркүйек айында Айғанымды институттың зертханашы қызметіне ауыстырады. Алайда, тергеу нәтижесіне сәйкес, жұмысқа кірген уақыттан не әйелі, не қызы іс жүзінде жұмыс істемегені анықталып отыр.
Өзінің туыстарынан өзге Есімбаев үшінші тұлғаларды «елес» қызметкерлер ретінде бос жұмыс орындарына тіркеген. Осылайша, Есімбаев пен оның жақтастары мемлекет қаржысынан 21 миллионнан астам теңгені жымқырған. Жалған қызметкерлерді институт басшысы жұмыс кестесіне түртіп отырыпты. Құқық қорғау органдарының тексерісі бойынша бұл тұлғалар жұмыста мүлдем болмаған. Тіпті жұмыс уақытында әлемнің туристік қалаларына сапар шеккен екен. Мәселен, Гүлнәр Тәшенова Мәскеу, Тбилиси, Анталия қалаларында болса, қызы Айғаным Тұраш Анталия, Омбы, Франкфурт қалаларын аралап қайтқан.
Көкшетау қалалық сотының үкіміне сәйкес, аталған тұлғалар мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін айыпты деп танылды. Десе де, бұрын сотталмаған айыпталушылар сотқа дейін келтірген шығынды толық өтеп үлгерді. Осылайша, қалалық соттың судьясы оларды бас бостандығынан айырған жоқ. Десе де, барлығына шектеу жазасы белгіленді.
«Есімбаевқа 5 жылға бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Яғни, құқық қорғау органының рұқсатынсыз қала аумағынан көрсетілген мерзімге дейін шыға алмайды. Дәмхана, мейрамхана, клуб секілді қоғамдық орындарға баруға тыйым салынады. Сондай-ақ, өмірбақи мемлекеттік мекемелерде, 50 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі өзге де ұйымдарда жұмыс істей алмайды. Депутаттық мандаттан айырылады», – дейді Көкшетау қалалық сотының судьясы Қайрат Хасенов.
Әйелі Гүлнәр Тәшенова мен қызы Айғаным Тұрашқа 3 жыл еркіндігін шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, Тәшенова 58 жасқа дейін 1 жыл көлемінде мәжбүрлі еңбекке тартылады. Іс жүзінде жұмыс істемеген тағы бір сыбайласы Болат Аринов 2 жылға бостандығынан шектеледі.
Көкшетау қалалық сотының үкімімен келіспеген айыпталушылар жоғары тұрған сотқа істі қайта қарауға арызданатынын жеткізді.