Алматыда көпбалалы 10 отбасыға пәтер кілттері табысталды

Алматыда көпбалалы 10 отбасыға пәтер кілттері табысталды
Жаңа баспаналар Наурызбай ауданы Шұғыла шағын ауданындағы Alma City тұрғын үй кешенінде орналасқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда пәтер жағалап келген 10 отбасы баспаналы болды. Олардың барлығы да көп балалы. Күрмеуі қиын үй мәселесін оларға құрылыс компаниясы шешіп берген. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар «Бақытты отбасы» қорының тізімінде болып, жомарт жандардың назарына іліккен деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баспаналы болған қуанышты жандардың бірі – Гүлзат Мамиева. 8 баланың анасы ұзақ жылдан бері пәтер жалдап, кейде туған-туыстың үйлерін жағалап күнелтіп келген екен. Күзетші боп қызмет ететін әйелдің бар тапқаны балалардың тамағы мен пәтер ақыдан аспайды. Енді отбасының баспана мәселесі толық шешілді, яғни маңдай термен тапқан ақша біреудің қалтасына кетпей, балалардың қажетіне жұмсалады.

«Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Балаларымның арманы орындалды. Қанша жылдан бері баспананы тек армандап қана келдік, бірақ дәл осындай болады деп ойлаған да емеспіз. Осындай жомарт жандардың барына рахмет», - дейді алматылық көпбалалы ана Гүлзат МАМИЕВА.

Жаңа баспаналар Наурызбай ауданы Шұғыла шағын ауданындағы Alma City тұрғын үй кешенінен берілді. Демеуші «комфорт» санатындағы баспана кілтін Гүлзаттан бөлек, тағы аз қамтылған көпбалалы 9 отбасыға табыстады.

«Біздің «Qazaq stroy» компаниясы әлемуметтік жобаларға белсенді қатысады. Елбасының бастамасымен қолға алынған партиялық «Бақытты отбасы» жобасын қолдап, өз тарапымыздан көпбалалы отбасыларға 2 және 3 бөлмелі 10 пәтердің кілтін табыстадық», - дейді «QAZAQ STROY» ЖШС директоры Гүлнұр ӘБІШЕВА.

«Балаларым қатты қуанып жатыр. Ризамыз. Мектепке де жақын. 8 балам бар, кенжесі енді 4 айлық болды. Алтыншы балам биыл бірінші сыныпқа барады», - дейді қуанышын жасыра алмаған көпбалалы ана Рауия ШЫҢҒАЕВА.

Баспанаға мұқтаж аз қамтылған көпбалалы отбасылардың тізімі Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған қалалық «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша түзілген.

«Осы бағдарлама көптеген отбасыға көмек көрсетіліп жатыр. Қазірдің өзінде мыңнан астам отбасы бізге өз өтініштерін тапсырды. Оның ішінде талапқа сай 800 өтініш жауабын алды. Ол жанұяларға көмек көрсетілді», - дейді «Бақытты отбасы» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің мүшесі Гауһар ТАНАШЕВА.

Алматыдағы «Бақытты отбасы» қорына қалталылар бір айдың ішінде 100 миллион теңгеден астам қаржы құйған. Бүл қаражат жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларды бір реттік қолдауға жұмсалып жатыр.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров