Алматыда «Азаматтарға арналған үкіметте» екі күннен бері ұзын-сонар кезек

Almaty.tv
Almaty.tv
Елімізде тіркеу-емтихан қабылдау бөлімдері жабылып, оның қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілген болатын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

1 шілдеден бастап елімізде көлік тіркеп, жүргізуші куәлігін алу электронды өтініштер бойынша мемлекеттік органмен қашықтан қарастырылуда.  Осы өзгерістерге байланысты Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерінде проблемалар туындаған. Соның салдарынан халық сағаттап күтуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кезек күтіп сарылған халықтың жүйкесі сыр бере бастаған. Қажетті қызметін кешеден бері ала алмаған ел орталыққа бүгін тағы келуге мәжбүр болған.  

«Бүгін таң атпай келдім. 150 адам болып тұрмыз. Қазір 1 сағататтай болды отырғанымызға. Уақыт өтпейді, не кезек бітпейді», – дейді қала тұрғындарының бірі.

«Бүгін масқара сұмдық боп тұр. Кешке дейін тұрып, нөмір ала аламыз ба, ол да белгісіз», – дейді келесі бір кезекте тұрған азамат.

«Мен енді ғана келдім. Осындай бассыздық болып жатқанына таңданып тұрмын. Білмеймін, жұрт бір күн кетеді дейді, көреміз», – дейді енді келген бір тұрғын.  

«База істемей тұр дейді, сол себепті осылай кезекте тұрмыз. Күн қапырық, ауа жоқ», – дейді бірі.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшылығы жүйеде техникалық ақау пайда болғанын алға тартуда. Бұл Ішкі Істер министрлігінің жаңа реформасына байланысты дейді. Елімізде тіркеу-емтихан қабылдау бөлімдері жабылып, оның қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілген болатын. Азаматтардан құжат электронды өтініш арқылы қабылданады.

«Көлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру туралы құжаттар электронды өтініштер бойынша мемлекеттік органмен қашықтан қарастырылады. Осы өзгерістерге байланысты Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерінде проблемалар туындады, соның салдарынан мамандандырылған ХҚКО-да ұзын-сонар кезек пайда болды. Құжаттарды қабылдап жатырмыз. Жүйе ретке келтіріліп жатыр», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының халыққа қызмет көрсету бойынша мамандандырылған № 1 бөлімінің басшысы Сәкен БАЙҒАЛИЕВ

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы орын алған ұзын-сонар кезек уақытша қолайсыздық деп сендірді мамандар. Ал жалпы, Ішкі Істер министрлігінің бұл жаңа реформасы адам факторын жойып, жемқорлыққа жол бермеу үшін енгізілген. Автокөлікті тіркеуге қажетті құжаттардың бар-жоғын полиция қашықтан, салық, кеден және басқа да органдардың базаларынан онлайн режимде, яғни «қағаз» құжаттардың ұсынылуынсыз-ақ тексере алатын болады.


Перизат Көмекбайқызы, Салтанат Шорай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров