Ғимараттар Алатау, Наурызбай және Бостандық аудандарында бой көтереді. Бұл бригаданың оқиға орнына жедел жетуіне септігін тигізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Төтеншеліктердің айтуынша, қураған шөптер әлі де өртенуі мүмкін. Осы күні қалада 17 өрт сөндіру құрамы жұмыс істейді. Бір ауысымда 190 адам қалтқысыз қызмет етеді. Соңғы үш жылда департамент 34 жаңа техникамен толықса, биыл тағы 13-ін сатып алу жоспарда бар. Автоматтандырылған диспетчер де қызметтің уақытын қысқартқан.
«Біз өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдымен инфрақұрылымды жақсарту керек. Қазірдің өзінде оқиға орнына кешігу фактілері тіркеліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Бақытжан Әбдірұлы қала әкімі болып тағайындалғаннан кейін өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысқан болатын. Ондағы жағдайды көрген соң, құрылыс жұмыстарын жыл сайын жүргізу туралы шешім қабылдады», – деді Алматы қаласы ТЖД басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.
Құрылыс жұмыстары биылдан басталады. Алатау ауданындағы 4 қабатты ДЕПО-да мамандардың баспанасы, көлік тұрақтайтын орын және қойма қарастырылған.
«Аяқталу мерзімі 2021 жыл, нақты бірінші жартыжылдығында толығымен құрылыс жұмыстарын аяқтап, содан соң керек-жарақтарды, және жиһаз және тағы басқа қондырғыларды орнату басталады», – деді Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен ЖАНДЫБАЕВ