Жел көтеріле бастаса, жарықсыз қалатын қайраттықтар жаңа оқу жылында онлайн оқуға дайын ба

Almaty.tv
Almaty.tv
Түрксіб ауданы әкімдігі бұл проблемамен қаншалықты таныс?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда интернеті  жоқ елді мекен бар. «Қайрат» ықшамауданының тұрғындары осы уақытқа дейін үйлеріне интернет орнатпақ түгілі ұялы телефонмен дұрыс сөйлесе алмаймыз дейді. Одан өзге мұнда жарық мәселесі әлі күнге жолға қойылмаған. Жел соға бастаса, май шамды әзірлеп отыруға тура келетін көрінеді. Түрксіб ауданы әкімдігі бұл проблемалармен қаншалықты таныс? Қайраттықтардың жанайқайын тыңдап қайтқан Almaty.tv тілшісі Арнат Дүйсен толықтырсын.  

«Бір тамшы жаңбыр жауса, біздің үйге кіру деген азап. Немеремді мектепке бара жатқанда арқама арқалап жүрдім батпақтан шығу үшін. Салафан киіп аламыз аяғымызға. Қаланың ішіне кіретін жер ғой. Цивилизацияның уақыты ғой, жаным әшейін, жөндеп кішкене қарауға болады», – деді қала тұрғыны Күләш Қожахметова.

«Қайрат» ықшамауданының қариясы көктем мезгілін осылай суреттеді. Былтыр мамырда басталған жолдың жыры мұнда әлі бітер емес дейді. Жұмысшылары күн сайын ауысатын мердігер компанияның басшысын осы уақытқа дейін көрмеген. Кәріз құбырын жүргізу кезінде қолдарында ешбір геодезиялық құрал-жабдық болмады дейді тұрғындар.  

«Қайрат» ықшамауданы мен «Жас қанат» ықшамауданы арасындағы жолдың сиқы осы. «Қайрат» ықшамауданында мектеп болмағандықтан, мұндағы халық балаларын «Жас қанаттағы» білім ошағына осы жол арқылы апаруға мәжбүр. Ал, ертең күзде жаңбыр жауса, аяғымыз лай батпақ болады дейді тұрғындар.  

Түрксіб аудандық әкімдігінен келген өкіл қазанға дейін жолдың мәселесін шешіледі деп уәде етті. Мұндағылардың тағы бір проблемасы – жарық. Жел көтеріле бастаса, жарықсыз қалады екен. Себеп электр энергиясын олар Талғардан алып отыр. Ол мәселені тек жаңа подстанция салу арқылы шешуге болады деді аудандық бөлім басшысы.    

«Жылдың басынан бастап «Тұздыбастау» подстанциясы жобасы жасалды. Қазір экспертизадан шығу керек. Келесі жылы жоспарлап отырмыз қаржы бөлінгенде осы ықшамауданға салуға. Тек, «Қайрат» ықшамдауданына ғана, «Нұршашқан» ықшамауданына беріледі. Осы халыққа көмектеседі», – деді Түрксіб ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос Бекетаев.

Жарық мәселесі осылай. Ал, тағы бір уәж интернет ұстамайды. Тұрғындар жақын күндері сабақ басталатын болса жағдаймыз қалай болады деп алаңдаулы.

«Өзімнің бес балам бар. Бір студент ұлым бар. Үш балам мектепте оқиды. Бізде Қазақтелеком ғаламторды сәуірден бері орнатқан жоқ. Сәуірден бері шырылдап келе жатырмын. Ертең 17 күнде менде оқу басталады. Қалай шешуге болады ол мәселені. Мен соған жанымды қоятын жер таппай жүрмін. Мен қалай оқытамын балаларды?» – деді қала тұрғыны Жазира Кәрібаева.

Бұл шаруаны да әкімдік өкілі шешуге тырысамыз деп сөз берді. Ал, медициналық амбулатория мен мектеп мәселесі бұрыннан өзекті. Жақын күндері жағдайымыз жақсармаса, қалалық әкімдікке шағымданбақшы.

Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы    

Новости партнеров