Алматылық өнертапқыш күн сәулесімен қуатталатын ұшақ жасап шығарды

 Almaty.tv
Almaty.tv
10 сағаттан аса әуеде қалықтаған пилотсыз аппарат 570 шақырымды қонбай бағындырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық өнертапқыш пилотсыз ұшатын аппарат жасап, жаңа рекордқа қол жеткізді. Сәтпаев университетінде ұстаздық ете жүріп, түрлі жобалармен айналысатын 37 жастағы зерттеушінің төлтуындысы жанар-жағармайды қажет етпейді. Ұшақ күн сәулесінің қуатымен қалықтайды. Ол қандай мақсаттарда қолданылауы мүмкін, қанша және қандай жылдамдықпен ұша алады? Байсерке аэродромында, ұшу аппаратының кезекті сынағына қатысқан Almaty.tv тілшісі айтып берсін. 

Жастайынан электроникаға жаны құмар Алексей Оксененко бұған дейін 100 шақты ұшақ құрастырыпты. Ал, соңғы жасаған моделі, талайды көрген мамандарды таң қалдырды. 10 сағаттан аса әуеде қалықтаған пилотсыз аппарат 570 шақырымды қонбай бағындырған.

«Біз үшін бұл өте қуанышты жаңалық болды. Осы аэродромда Алексей пилотсыз ұшу апаратының ұзындығы және әуедегі уақыты бойынша Қазақстандағы бірінші рекордын орнатқан еді», – деді «Отан» ҚБ аэроклубының жетекшісі Юрий Ельцов.

Күн сәулесімен қозғалатын аппараттың осы сияқты отандық құрылғылар арасында баламасы жоқ. Өнертапқыш болса, техниканы жаңартып, әлемдік рекорд орнатуға ынталы екенін айтады.

«Біз қазір еліміздің ауылшаруашылығынан бастап әскери қажеттілігіне дейін жарайтын ұшу аппараттарын құрастырып жатырмыз. Ал, мына ұшақ нысандарға, жолдарға, құбыр және электр желілеріне бақылау жүргізуге арналған», – деді Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ зертханасының қызметкері Алексей Оксененко.

Мұндай техника әсіресе, жолы нашар, шалғайдағы ауылдарға пошта немесе бандероль жеткізуге ыңғайлы. Барын салса жылдамдығы 170 шақырымға дейін жетеді. Ал жұмсалатын шығын шамалы. Жанармай керек емес, күн жарқырап тұрса, болды. Қаңқасына орнатылған элементтер ұшаққа жарты күн бойы қалықтауға мүмкіндік береді.

Сая Есімхан, Ялкунжан Ашимжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров