Қазақстанда кәріз желілерінің тозуы ең жоғарғы шегіне жетті. Ескірген инфрақұрылым желілері әсіресе, Солтүстік пен Шығыс өңірінде байқалып отыр. Енді бірер жылда бұл нысандар істен шығады. Олқылықтың алдын алу керек деп дабыл қаққан Сенаторлар бүгін жауапты министрлікке сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тозығы жеткен кәріз жүйелері солтүстік-шығыс өңірінде өзекті болып отыр. Сенатор Ольга Булавкинаның сөзінше, Көкшетау, Екібастұз, Семей, Риддер қаласында ахуал ушығып тұр. Ондағы нысандардың 90 пайызы қолдануға келмейді. «Салдарынан ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр» деді депутат. Ол жауапты министрліктен шұғыл шара қабыпдап, жағдайды ретке келтіруді талап етті.
«Экология қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және эпидемиялар мен жұқпалы аурулар қаупінің алдын алу мақсатында қалалар мен аудандарда кәріздік тазарту құрылыстарын инфрақұрылымдық аудиттің маңызды объектілерінің қатарына қосу қажет. Тозған желілерді салу, жаңғырту және реконструкциялау мәселесін шешіп, ағынды суды тазалауда заманауи жоғары технологиялық жабдықтарды пайдалануды ескеру керек. Кәріздік тазарту қондырғыларды жобалау кезінде бірыңғай жүйелі тәсілді әзірлеу маңызды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина
Жаңа жылдан бастап елдің кейбір өңірінде коммуналдық қызмет тарифтері өсуі мүмкін. Бүгін Ұлттық экономика министрі осындай болжам айтты. Әлібек Қуантыровтың сөзінше, тарифтер аймақтардағы жылу электр орталықтарының тозу дәрежесіне қарай көтерілмек. Осылайша, кәсіпорындардың тозуын 15-20 пайызға азайтуға болады, - деді министр.
«Келесі жылдың шамамен екінші жарты жылдықтан бастап тиісті өзгеру болады. Себебі субъектілерге өз жұмысын модернизациялау, желілерді жаңғырту жасалуы керек. Өздеріңіз білесіздер, Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында тиісті көрсеткіштерді белгіледі. Біздің есептеу бойынша келер жылы шамамен 15-20 пайызға төмендетеміз», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Сенаттың жалпы отырысында айтылған тағы бір өзгеріс енді елімізде шеттен келген оң жақ рөлді автокөліктерді бір жолғы заңдастыруға рұқсат беріледі. Бірақ бұл мүмкіндік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктерге ғана қатысты. Қазір ел аумағында осындай 20 мыңға жуық темір тұлпар бар екен. Ал жалпы заңдастыруға жататын автокөліктер саны 300 мыңнан асады.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы