Жеке кәсіп бастаймын деген көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар мен жобалар биыл да өз жалғасын табады. Соның бірі «Іскер ана» аймақтық жобасы. Жұмыспен қамту орталықтары жәрдемақы төлеумен қатар, қыз-келіншектерді жұмысқа орналастыруға немесе арнайы курстарда жаңа кәсіпті игеруге көмектеседі. Одан өзге, әр кәсіпкерді өз назарларында ұстап, бизнесінің алға өрлеуі үшін бар жағдайды жасап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балқия Оспанова тігін машинасын жанына бала кезден серік етіп келеді. Қазіргі атқарып жүрген қызметіне жұмыс деп қарамайды. Ол бұл ісін жан рахатына балайды. Бір жыл бұрын үйінде бастаған кәсібін күн өткен сайын дамытып келе жатыр. Кәсіп бастағысы келетін айтып Медеу аудандық «Нұр Отан» партиясына барады. Оны бірден қолдап, көмектесетіндер де табылыпты. Бүгінде ісін дөңгелеткеннен бөлек, өзі секілді қаладағы бірнеше көпбалалы аналарды жұмыспен қамтып отыр.
«Қазір үйінен шыға алмай отырған көпбалалы аналар бар. Олар үйінен тігеді де, тапсырыстарды маған әкеледі. Сондай жағдай жасап қойдық. Базардан көтерме тапсырыс беріп жатыр. Көбіне әйелдерге арналған тюрбандар, сосын ер адамдарға да киім тігіп жатырмыз», – деді көпбалалы ана Балқия ОСПАНОВА.
Алматыда Балқия сынды мемлекеттің шарапатын көріп отырған мыңнан астам көпбалалы аналар бар. Олар түрлі курстар оқып, 505 мыңнан бастап 3 млн-ға дейін қайтарымсыз грант алуда. Дегенмен, қомақты ақша кез-келгеніне беріле бермейді. Оған қол жеткізу үшін арнайы бизнес жоспарыңыз болу қажет. Көпбалалы аналар мен жұмыссыз жастарды мұндай қолдаудың биылда жалғасатындығы қуантып отыр.
«Медеу ауданы бойынша 8 ана тігін машинасымен жұмысын бастап кетті. Тағы 3-і машиналарын күтіп жатыр. 2-іне кулинария ашып бердік. Барлығы 50 анаға көмектестік. Алда 24 ана кезекте тұр, оларға да кәсіп жолында көмектесеміз», – деді Медеу аудандық «Бақытты отбасы» орталығының меңгерушісі Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жағдайы төмен отбасылардан шыққан 166 жұмыссыз мемлекет тарапынан арнайы кәсіпкерлікке оқытылған. Оның 136-сы өз кәсібін арнайы жобада қорғап шықты. Бизнес жобалардың 92-сі үздік деп танылып, мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Грантқа ие болғандардың 67-сі көпбалалы аналар. Бүгінде олардың бәрі де өз кәсібін жүйелі түрде айналдырып, нәпақасын тауып отыр.
2019 жылы қорытындысы:
- 166 жұмыссыз оқытылды
- 136 жоба қорғады
- 92 грнатқа ие болды
- 67 көпбалалы аналар
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы.