Қостанай облысында мектеп қабырғасы опырылып түсті

10.09.2024 01:56

Мектепте 300-ден астам оқушы білім алады

Стоп-кадр

Қостанай облысындағы Новонежин ауылының тұрғындары редакциямызға мектеп ғимаратының қабырғасы қираған видеоны жолдады. Жергілікті әкімдік пен мердігер ұйым өкілдері оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Nur.kz-ке сілтеме жасап.  

Бұл мектепте 300-ден астам оқушы білім алады. Абырой болғанда, мектептің 3-қабаттағы қабырғасының бір бөлігі сенбіде қирап қалған. Бұл күні оқушылар демалыста болды. Қостанай облыстық әкімдігі қоғамдық басқару басқармасының мәліметінше, мектепте балалар мен мұғалімдер болған жоқ, зардап шеккендер жоқ.

Жергілікті жерде комиссия жұмыс істеп жатыр, қысқа мерзімде техникалық тексеру жүргізіліп, қорытынды шығарылады. Новонежин жалпы білім беретін мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу 2024 жылғы маусымнан бастап жүріп жатыр.

«Жөндеу жұмыстары мерзімдерінің бұзылуына жол беріп отырған құрылыс мердігері – «ПКФ ГРЕНАДА» ЖШС. Мердігердің атына наразылық нотасы жолданды және өнім берушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін сотқа материалдар дайындалып жатыр», - деп жазған әкімдік таратқан ақпаратта.

Кінәлі адамдар жауапқа тартылатыны айтылады. Оқушылар қашықтан оқытуға ауыстырылды. Ата-аналар бұған дейін бұл мектепте оқу қауіпті екенін айтып, дабыл да қақты.

«Мұнда жөндеу жұмыс жүріп жатқанда сабақтарды оқу балалар үшін тым көп қауіпті. Баланың басына не үстіне жоғарыдан бір нәрсе құлап кетпесіне ешкім де, мұғалім де кепілдік бермейді», - дейді Новонежин ауылының тұрғыны Динара Садуақасова.

Құрылыс жүріп жатқан жерде балалардың жүргеніне мердігер компания да қарсы болған. Алайда жергілікті биліктің айтқанынан шыға алмаған. Олар бірінші қабаттан бірнеше кабинетті 1 қыркүйекке дейін жөндеп беруді сұрапты. 5-9-сынып оқушылары сонда білім алып жатыр. Ал бастауыш сыныпты мектеп ауласындағы балабақшаға орналастырған.

«Біз салынып бітпеген нысанға балабақша, аурухана, мектеп орналасқанына үнемі қарсымыз. Бұл құрылыс алаңы, сондықтан мұндағы қауіпсіздікке ешкім кепілдік бере алмайды. Оның үстіне мұнда балалар болады. Әрине, қарсы болсақ та, сұрағандарын жасап бердік. Бір қанатын бөліп, дәлізді жаптық, бөлек кіретін есік жасадық», - дейді мердігер компанияның бас директоры Анатолий Громченко.  

Оқи отырыңыз: Маңғыстауда уланған оқушылардың жағдайы туралы айтылды