«Мектепке барар жол, оған толықтай дайын бол!». Осындай ұранмен бүгін Алматыда аз қамтылған отбасының балаларына мектепке қажетті жабдықтар үлестірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қайырымдылық науқанына Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған. Олар бұл іспен 15 жылдан бері айналысып келеді. Игі істі жаңа оқу жылы қарсаңында отбасыларға демеу болсын деген ниетпен жасадық, дейді Ассамблея мүшесі.
«Ардагерлер кеңесі оқушылар үшін қайырымдылық науқанын өткізуді ұйғарды. Өйткені оқу жылы басталарда балаларға керек-жарақ аламыз деп көбі әбігерге түседі. Бұл істі жағдайы келмейтін отбасыларға көмек болсын деген оймен жасадық», - дейді Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Артуш Карапетян.
«Балам бірінші сыныпқа барды. Осындай науқан болып жатыр екен, балам өте қуанышты. Көп-көп рақмет!», - деді қала тұрғыны Нұржамал Сәндібаева.
«Бізге Алатау аудандық Ардагерлер Ассамблеясы «мектепке барар жол» акциясына байланысты осындай сыйлық беріп жатыр. Рақмет сіздерге!», - дейді қала тұрғыны Раушан Өмірзақова.