Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі халықтық инвесторларды тартпақ. Қаржылық институттың Қазақстан қор биржасында орналастыратын облигациялары келесі аптадан бастап саудаға түседі. Бағалы қағаздардың жылдық кірісі 9,5 - 10,5 пайызды құрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өнім желісін кеңейту мақсатында және алғашқы жарна ретінде баспананың 50 пайыз құнын жинау қиынға соғатын халық үшін осы облигацияларды орналастырып отырмыз. Және жыл соңына дейін оны «Әсери баспана» және «Өз үйім» бағдарламаларына жұмсау жоспарда бар», – деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат ИБРАГИМОВА.
Сонымен қатар, банк өкілдері «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты – табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға несие беру бағдарламасын дайындап жатқанын айтты. «Бақытты отбасы» деп аталатын бұл бағдарлама банкке республикалық бюджеттен 50 млрд теңге түскеннен кейін іске қосылмақ.