Елімізде мал дәрігері, агроном және білікті техниктер жетіспейді. Себебі ауыл шаруашылығы мамандарының еңбекақысы мардымысыз. Ел Президенттігіне үміткер Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері Семей өңіріндегі ірі агрокешен жұмысшыларымен және білім саласының қызметкерлерімен кездесіп, әңгіме барысында еңбекақы және маман тапшылығы бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өйткені жүз мыңдаған адам еңбек етсе де, еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында кәсіподақ ұйымының жұмысы әлі дұрыс жолға қойылмай отыр. Жалпы елімізде кәсіподаққа мүше болғандар саны жұмысшылардың 7-ақ пайызын құрайды екен. Сондықтан үміткер тұғырнамасының ең негізгі мақсаты – қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғау.
«Біздің үміткердің басты құндылығы – қарапайым жұмысшы мен оның әлеуметтік жағдайы. Соны шешу үшін ол өзінің үлкен бағдарламасын жасады. Біздің облыста да штаб құрылып, үміткерді қолдау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – дейді Шығыс Қазақстан аймақтық кәсіподақтар ұйымының төрағасы Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
«Мәселе еңбекақыны көтеру арқылы жұмысшылардың жағдайын жақсарту және еңбек қауіпсіздігін қорғау жайында. Білім саласын алсақ, мұғалімдердің жалақысы төмен. Қазіргі кезде педагогтардың мәртебесі туралы заң қаралып жатыр», – дейді салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Совет ЫБЫРАЕВ.