Лудомания: құмар ойынға тәуелділіктен қалай арылуға болады

Almaty TV
Almaty TV

Оңай олжа табамын деп оңбай сүрінгендер қатары жыл санап артып келеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда былтыр заңсыз ойын бизнесіне қатысты 14 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы қалалық Экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Динара Әлжанова – үш баланың анасы. Тұрмыс құрып, отбасы болғаннан кейін жолдасы құмар ойынға құмарта бастаған. Оның бұл әрекеті бірден байқалмапты. Уақыт өте келе түрлі ойындарға бәс тігу отбасының берекесін алып, араларында жанжал туындатқан. Құмар ойынға қыруар ақша салып, кесірінен қарызға батқан. Әйелі тығырыққа тіреліп, қиналса да азаматының бұл әдетінен әлі де арыла алмай жүргеніне қынжылады. Ол көпшілікке бет жүзін көрсетуден бас тартты.

– Бастапқыда бәрі жақсы болатын. Кейіннен үйге келмеуді шығарды. Менің алтындарым мен зергерлік бұйымдарым жоғала бастады. Тапқан табысымыз, балаларға деп алып қойған қаражатымыздың бәрін ойынға салды. Бұл әлі жалғасып келеді. Оңаша отырып сөйлескен кезіміз де болды. Мамандардың көмегіне жүгініп, кеңес алуға түбегейлі қарсы, – деді қала тұрғыны Динара Әлжанова.

Лудомания - психикалық ауру. Ол шырмауға түсіремін десе адамның жасы мен жынысына, әлеуметтік жағдайы мен қызметіне де қарамайды. Оңай олжа табамын деп оңбай сүрінгендер қатары жыл санап артып келеді. Сала мамандары  «психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығына келіп шағымданушылардың басым бөлігі құмар ойынның құрығына түскендер» дейді.

– Клиникалық хаттамаға сәйкес емдейміз. Ол 3 этаптан тұрады. Бірінші кезең – детоксикация. Екіншісі – ішкі құмарлыққа, ойынға итеретін симптомдармен күрес. Үшіншісі кезеңде науқас ауруханадан шыққаннан кейін қоғамға бейімделуін қадағалаймыз, – деді республикалық Психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары  Нәби Есімов.

Емдеуден бөлек, қазір қоғам арасында оның алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар да жүргізілуде. Мәселен өткен жылы Алматыда заңсыз ойын бизнесіне қатысты 14 қылмыстық іс тіркелген. Дүкендер мен түрлі ойын-сауық орталықтарынан 500-ден астам заңсыз терминал тәркіленген.

– Заңсыз ойын терминалдары мен казино ұйымдастырушылары үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Бұл Қылмыстық кодекстің 307-бабында көрсетілген. Рұқсатсыз ойын терминалдарын дүкендерге қойған және оны ұйымдастырғандарға айыппұл салынады немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту көзделген. Ал қылмыстық топ құрып, аса ірі көлемде табыс тапқандарды 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған, – деді Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.

Сарапшылардың пікірінше, лудомандардың көбеюіне құмар ойындардың ашықтан-ашық жарнамалануы себеп. Себебі қазір шағын дүкендерде ойын терминалдары самсап тұр. Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы ел бойынша көпшілікті адастырып, азартқа салатын 4200 сайт бұғатталған.

Ұлағат Арғын, Әлішер Ерғалиұлы, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде жастардан құрылған рэкетирлер тобы ұсталды

Новости партнеров