«Міндетті түрде өзіме және балаларыма орнатамын». Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов өзінің және балаларының ұялы телефондарына қауіпсіздік сертификатын орнататынын айтып, бұл шараның не үшін керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әзірге операторлардан қауіпсіздік сертификатын орнату туралы хабарламалар тек елорда тұрғындарына келіп түсуде. Себебі қанатқақты жоба Нұр-Сұлтан қаласынан бастап жүзеге асырылмақ.
«Қауіпсіздік сертификаты азаматтардың телефондарындағы жеке мәліметтерді сақтауға мүмкіндік береді. Өздеріңізге белгілі, интернеттің дамуымен қатар киберлік құқықбұзушылықтар да жаңа деңгейге шығуда. Жеке компьютерлерден, телефоннан жеке деректерді ұрлау фактілері орын алуда. Оны орнату әр адамның өз еркі. Маған аталған сертификат бойынша смс келмеді. Келген бетте өзіме және балаларымның құрылғыларына орнатамын. Қауіпсіздік сертификаты арқылы балалар қауіпті ресурстарға өте алмайды. Сәйкесінше, жеке мәліметтерді қорғауға мүмкіндік жасалады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан ОСПАНОВ.