Алматының Наурызбай ауданының тұрғындары аптап ыстықта сусыз отыр. Дүйім жұрт тіршілік нәрін үнемдеп пайдаланудан әбден шаршағанын айтуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал жергілікті әкімдік судың жиі-жиі тоқтап қалуына тоз-тозы шыққан құбырлардың кесірінен дейді. Оған қоса, әсіресе жаз мезгілінде мұздықтар жаппай еріп, таудың суының сапасына әсер етеді екен.
Наурызбай ауданына қарасты «Ақжар» ықшамауданының тұрғыны Галина Гамалей күніне тұрмысқа қажетті 300 литр су тасиды. Зейнеткер осының өзі суды молынан пайдалануға жетпейді дейді.
«Әсіресе жазда судың жоқтығынан қиналамыз. Шамамен мамыр айынан бастап қыркүйекке дейін су тапшы болады. Күн ысып, жасыл желекті суаратын кезең де су жетіспей қалатыны өкінішті», – деді Галина ГАМАЛЕЙ.
«Ақжар» ықшамауданымен қатар тағы осы секілді 8 елдімекенге тіршілік нәрі Ақсай өзенінен келеді. Тау баурайынан ағатын су тазарту стансасында сүзгіден өтіп, кейін халыққа беріледі. Мамандар судан 2 сағат сайын сынама алып, мөлдірлігі мен сапасын жіті тексереді. Десе де, жаз кезінде таудан су лай болып ағады. Оған себеп, мұздықтар еріп, шөгінділер жаппай суға құлайды екен. Сондықтан, арасында суды өшіруге тура келетінін айтады. Оған қоса, құбырлардың ескіргені тағы бар.
«Бұл жердегі инженерлік жүйе 1970-ші жылдары салынған. Содан бері құбырлар бір де бір рет ауыстырылмады. Қазіргі таңда мәселені шешу үшін энерготиімділік басқармасымен бірге 2 үлкен жобаны жүзеге асыру жайын қарастырдық. Қалаға қосылған 9 ықшамауданға арнап, енді Ақсай мен Қарғалы өзендеріне қос су бөгеті салынады. Жалпы жоба биыл қаржылық қолдау тапты. Жуық арада жұмыстар басталады», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жандос ТӘКІБАЕВ.
Ақсай өзенінен ағатын су лайланып, яки құбыр жарылса, 14 көп қабатты тұрғын үй, 2 500 жеке үй, бір емхана, үш әлеуметтік нысан мен 9 бау-бақша қоғамы тәуліктеп тіршілік нәрінсіз қалады. Дегенмен, мамандар мәселенің шешілу жолы барын айтады. Көздегендері орындалса, ондағы халық таза ауыз сумен толықтай қамтылады.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы