Геологтер күні қарсаңында Рудныйда ERG GeoHub деп аталатын еліміздегі ең үлкен сынама сақтау қоймасы ашылды. Жаңа кешеннің өзгелерден басты ерекшелігі – онда геологтер алынған сынамалар туралы ақпаратты жинайды және оған талдау жүргізеді. Кейін олар зертханаға жіберіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жаңа геологиялық кешен жеке инвестициялар есебінен салынды. Оның құны 320 млн теңге. Қазақстандағы геологиялық барлауды одан әрі дамыту үшін аталған кешеннің маңызы зор. Бұл бағытты жетілдіру керектігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевта бірнеше рет баса назар аударды. Бұрын сынамалар өндірістік базада сақталатын. Енді ол материалдар жаңа қоймаға орналастырылады және осы жерде алғашқы зерттеулер жүргізіледі.
«Компания станоктардың санын 10-ға дейін ұлғайтуды және жыл сайын шамамен 100-120 мың метр бұрғылауды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда біз әуеден бейнеге түсіру, дрондарды пайдалана отырып, магниттік барлау жүргізу сияқты барлық жұмысты орындаймыз. Бұл жұмыстың барлығын өз күшімізбен жасаймыз. Бізде екі өндірістік база бар. Олар – Рудный және Хромтауда. Компания активінде 40-тан астам геологиялық барлау учаскелері бар. Олар Қостанай және Ақтөбе облыстарында орналасқан. Компания қамту аймақтарының географиясын кеңейтуде және Қазақстанның барлық аумағында жұмыс істеуді жоспарлап отыр», – деп атап өтті ERG Exploration Бас директоры Азамат Шалабаев.
Салтанатты шара барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров жаңа нысанның ашылуы – еліміздегі геологиялық барлау саласын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
«Бұл геологиялық хабтың құрылысы мен оның іске қосылуы - саланың дамуына серпін береді. Мұндай хаб алғаш рет жеке инвестициялар есебінен салынды. Ол республикада осындай форматта жұмыс істейтін жалғыз кешен. Астанада 300 мың қума метр сынама қоймасын салу жоспарланған. Жұмыстарды жобалау жүріп жатыр. Ол материалдарды сақтауға арналған үлкен қор болады», – деп тоқталды Ерлан Ақбаров.
Еуразиялық топ бас директорының жобалар және даму жөніндегі орынбасары Ардақ Нұразханов компания осыдан екі жыл бұрын геологиялық барлау саласындағы ресурстарды дамыту туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Оның нәтижелерінің бірі – осы қойма.
«Жаңа қондырғылардың арқасында біз өндіріс қажеттілігі мен тізбегін толық қамдаймыз деп сеніммен айтуға болады. Біздің жобалау, іздеу-барлау, геофизика, бұрғылау бағыттары бойынша өз ресурстарымыз бен бұрғылау станогымыз бар. Ақпараттарды өңдеу және ресурстар туралы есепті дайындау мен қорларды балансқа қоюға арналған ең заманауи құралдар да өндірісте қолданылады. Соңғы екі жылда геологиялық барлауға орасан зор инвестициялар салынды. Өткен жылы геологиялық барлауға шамамен 9-10 млн доллар, биыл 20 млн доллардан астам қаражат бағытталды. 2024 жылы бұл салаға шамамен 40 млн доллар инвестиция салу жоспарлануда», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, компания деректерді цифрландыру бағытында да үлкен іс атқарып жатыр.
«Біз соңғы айда серіктестерімізбен заманауи acQuire жүйесін енгіздік. Ол далалық жұмыстардан бастап, сынаманы дайындауға дейінгі аралықтағы жұмыстар туралы деректі бір жүйеге біріктіреді. Сондай-ақ, қазір ескі қорларды, бұрын болған есептерді цифрландыру жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл жаңа кен орындарын ашуға көмектеседі», – деді Ардақ Нұразханов.
ERG GeoHub шамамен 100 мың метр сынаманы сақтауға қауқарлы. Кешенде сынамаларды кесуге арналған бөлме бар. Онда адамның тікелей қатысуын қажет етпейтін және қоршаған ортаға зиянды әсері аз жоғары жылдамдықты заманауи кескіш станоктар қойылған. Ал құжаттармен жұмыс істеуге арналған негізгі бөлмеде автоматтандырылған құжаттама үстелдері орнатылған. Геологтердің жұмыс аймағы да дәл осы жерде орналасқан.
«Кешеннің құжаттармен жұмыс істеуге арналған бөлігінде геологтар сынама материалының барлық сипаттамасын жасап, фотоқұжаттарды рәсімдейді. Сондай-ақ, зертханаға жіберу үшін сынама материалын кесетін аймақ бар. Мұнда сөрелер, құжаттамалық үстелдердің барылығы жаңа технологиямен жабдықталған. Бөлімде 14 геолог вахталық негізде жұмыс істейді. ERG-де бұл геологиялық барлаудың жаңа бағыты. Жыл сайын өндіру көлемі артып келеді және сынамаларды сақтау үшін осындай қоймалар қажет», – дейді «ERG Exploration» ЖШС далалық жұмыстар басшысының міндетін атқарушы Дәурен Тынынбаев.
Мұндағы жұмыс жүйелі жолға қойылған. Бірінші кезекте бұрғылау учаскелерінен алынған негізгі материал Рудный қаласына жеткізіледі. Кейін құжаттама бөлімінде оның сипаттамасы туралы ақпарат алынады. Содан соң сынама материал екі бөлікке кесіледі. Оның бірі зертханаға жіберіледі, ал екіншісі аталған қоймада қалады.
Спикерлердің айтуынша, алдағы айда Хромтауда әрқайсысы 50 мың метр қуатқа ие осындай тағы екі қойма іске қосылады.