Алматы облысында 2 мыңға жуық әскер қатысқан бригадалық-тактикалық оқу-жаттығу өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
«Ізенді» әскери полигонында өткен шараны «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында бригадалық-тактикалық оқу-жаттығу аяқталды. «Ізенді» әскери полигонында өткен шараны «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған. Оған 2 мыңға жуық әскери қызметкер қатысыпты. Практикалық жаттығулар командирлердің әдістемелік шапшаңдығын жетілдіріп, қарсыласқа қас қағым сәтте тойтарыс беру тактикасын шыңдай түседі дейді мамандар.

Кенет қағылған дабылдан кейін шығыс өңіріндегі әскери бөлімшелер сапқа тұрып жапа тармағай жолға шықты. Жауға қарсы жұмыла тойтарыс беру үшін Семей, Аякөз қалаларындағы әскери бөлімдер 600 шақырымды артта қалдырып Алматы облысында орналасқан «Ізенді» полигонына келіп жетті. Шартты түрде ұйымдастырылған оқу-жаттығулар осындай жорықтан басталған.

«Тұтқиылдан келген жаудың» көзін жоюға 2 мыңдай әскери қызметкер қатысып, 400 бірлік қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған. Мұндай бригадалық тактикалық жаттығулар қатысушылардың моральді-психологиялық жай-күйін мен жеке құрамның жауынгерлік қабілетін нығайтуға сеп болады.

Оқу-жаттығу кезінде бөлімшелер жоғары деңгейде дайындалып, барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тәжірибені шыңдайтын мұндай сабақтар бригадалар мен штаб басшылары үшін түрлі мүмкіндіктерді пайдаланып, жағдайды жүйелі сараптауға,  жылдам шешім қабылдауға және тиісті іс-әрекеттер жоспарын әзірлеуге керемет мүмкіндік береді, дейді ұйымдастырушылар.

«Жаттығуға жеке құрамнан 2 мыңдай адам қатысты. Практикалық жаттығуда көрсетілген барлық мақсат, міндеттер орындалды. Шараға құрлық әскерлері, жауынгерлік дайындық саласының мамандары келіп, жақсы баға берді», – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Асан Жүсіпов.

Алға қойылған тапсырмаларды орындауға әуе күштері мен  артиллерия кеңінен қолданылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бастаған шара 4 күнге созылған.

Назкен Еркін, Мақсат Күнібеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров