Алматыда скандинавиялық жүріс спортымен шұғылданатын зейнеткерлер саны күн санап артуда

almaty.tv
almaty.tv
Скандинавиялық жүріс – Еуропада кең таралған спорт түрі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда скандинавиялық жүріс спортымен шұғылданатын  зейнеткерлер саны күн санап артып келеді. Ал бүгін салауатты өмір салтын ұстанатын қарттар өзара марафон өткізді. Естеріңізге сала кетсек, 1 қазаннан бастап ел аумағында қарияларға қамқорлық жасау айлығы басталды. Игі бастама аясында екі ауданның «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары біріге отырып, ауқымды марафонды қолға алды. Наурызбай ауданындағы саябақтардың бірінде өткен спорттық шараға Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай да қатысып келді.

Ұзақ өмір сүрудің сыры – салауатты өмір салтын ұстану. Мұны «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қарттары дәлелдеп келеді. Орталықта зейнеткерлер айкүне, йога, сондай-ақ классикалық және заманауи би түрлерімен айналысады. Одан өзге, келушілер үшін сурет салу, қолөнер және компьютерлік сауаттылық сабақтары да қарастырылған. Десе де зейнеткерлер арасында «скандинавиялық жүріс» спортына үлкен қызығушылық танытатындар көп.

Скандинавиялық жүріс – Еуропада кең таралған спорт түрі. Бұл серуеннің басты ерекшелігі – мынадай арнайы жаяу таяқшаларды қолдану. Мұндай жаттығумен айналысқан кезде бұлшық еттердің 90 пайызы жұмыс істейді.

Марафонға Наурызбай және Әуезов аудандарынан 20-дан астам зейнеткер қатысты. Спортқұмар қариялар 2 шақырымды бағындыруы керек. Спорт маманының айтуынша скандинавиялық серуендеу қарттарда жиі кездесетін жүрек және тамыр ауруларының алдын алуға үлкен септігін тигізеді.

«Бұл спорт түрі бұлшық еттердің 90 пайызын шынықтыруға мүмкіндік береді. Буындарға түсетін күшті азайтады. Миға да жақсы әсер етеді. Жарақат алу қаупі де аз. Егде жастағы адамдар үшін таптырмас спорт түрі дер едім», – деді «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жаттықтырушысы Максим Прощенко.

8 немерені өсіріп отырған Асылжан әжейдің бұл орталыққа келіп жүргеніне бір жылдан асқан. Әу баста 80 жастағы зейнеткер омыртқа ауруына жиі шағымданатын. Қазір бірнеше шақырымды еш қиындықсыз еңсере аламын дейді.  

«Скандинавиялық жүріс жаттығуына қараша айынан бері келіп жүрмін. Өте жақсы. Денеңді, өзіңді ширақ ұстайсың. Барлық ауруларды былайша айтқанда ұмытып та кетесің», – деді қала тұрғыны Асылжан Рысбекова.

Бүгінде Наурызбай ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір орталығына» 2500-ден астам зейнеткер тіркелген. Ал, Әуезов ауданындағы мекемеге 3 мыңдай қария барады екен. Айта кету керек, кез келген алматылық зейнеткер орталыққа тіркеліп, 20-дан астам қызмет түрін тегін ала алады.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров