Шымкентте кәріз құдығынан әйел адамның мәйіті табылды. Марқұмның денесін әлдекімдер көрпеге орап, Теріскей шағын ауданындағы көп қабатты үйдің артындағы құдықтардың біріне жасырып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәйіттің сол жерде жатқанына 1 жылдан асқандықтан, оны тану мүмкін болмаған. Қазір полицейлер мәйітті сараптамаға жіберіп, жеке басын анықтауға кірісті.
«Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, әйелдің өлімі сараптамасына дейін бір жылдан астам уақыт бұрын орын алған. Мәйіттің сүйек-қаңқаларында жарақаттар анықталмады. Қазіргі уақытта мәйіттің жеке басын анықтауға және қылмысты ашуға бағытталған барлық жедел ісшаралар жүргізілуде», – деді қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенов.
Алдын ала болжам бойынша, марқұмның жасы 30-да деп шамаланып отыр. Бойы 155-160 сантиметр болған. Тек, үстінде жеңіл киімдері болған. Мүрде табылған Теріскей шағын ауданындағы көп қабатты үйлерде жалға берілетін пәтерлер көп. Сондықтан тәртіп сақшылары төңіректегі әрбір үйді жеке-жеке қарап, соңғы жылдарда іс-түссіз жоғалып кеткендер туралы ақпарат іздестіріп жатыр.