Бес жасар Заңғардың ата-анасы көмек сұрайды

Бес жасар Заңғардың ата-анасы көмек сұрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алла перзентің арқылы сынамасын!» Бұл кез-келген ата-ананың тілегі. Қазір Кореяда ем алып жатқан 5 жастағы Заңғардың әке-шешеші, бауыр еті баласына жабысқан аты жаман аурудан айығуына елден көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақ қан ауруына шалдыққан Заңғартайдың дертіне дауа бар деп отыр шетелдік мамандар. Өткен жылдың көктемі Сейфулла әулетіне күрең күз болып келді. Арқасының ауыратынын жиі айта бастаған Заңғарды қарамаған дәрігер қалмаған. Соңында, «лейкоз» деген диагноз қойыпты. Ақ қан ауруынан айығуға мүмкіндік мол деген отандық дәрігерлер, 8 ай бойы емдеп, баланың беті бері қарады, енді еш қорқыныш жоқ деп үйіне жіберген. Алайда, батпандап кірген ауру мысқылдап та шықпай қояды. Бірнеше айдан кейін, Заңғардың жағдайы қайта нашарлап, аты жаман аурумен Алматыдағы «педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы»-ның ақ халаттылары тағы алысады. Алайда, «химия» салып арпалысқандарымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Өмірі қыл үстінде тұрған Заңғарды қайтсек те, аяғына тік тұрғызамыз деген ата-ана жиған-тергендерін Кореялық дәрігерлерге беріп, емдетуді бастатып кетті. Бірақ, қаражаты таусылған отбасы, енді қайырымды жандардың қолғабыс көрсетуін жалынып сұрайды.

«Менің балама 2018 жылы остролимфобластный лейкоз деген диагноз қойылды. Жілік майын ауыстыру керек баламда. Ол ота 190 миллион вон. Ол АҚШ долларымен есептегенде 162 мың АҚШ доллары. Баламды емдететін қаржы жеткіліксіз болғандықтан, қазақ елінен көмек сұраймын», – деді Заңғардың анасы Гүлназ БАЛҒАЕВА.

Заңғардың әр бір күні осындай азаппен өтуде. Бірақ, бұл қиындықты да артта қалдыруға болады. Тек, Корей жеріндегі ем-домына қажетті қаражатты ел болып жинап, дұғада болсақ айы оңынан туары сөзсіз. Қалталы азаматтармен қоса, қарапайым жандардың аударған бес теңгесі де бес жасар баланың  бұл дертті жеңіп шығуына зор көмек болмақ. Балақайдың өзі де  елге құлан-таза айып келуге асық. Үйге қайтқым келеді дейді.

«Әселді сағындым. Үйге қайтқым келеді», – дейді Заңғар СЕЙФУЛЛА.

Заңғарға 4 жастағы қарындасы Ботагөз донор болады. Яғни, бауырының жілік майын алып, салады. Екі баласын құшақтап алыс елге кеткен жас жұбайлар, әуелі Алла, содан кейін  Корей еліндегі мықты мамандардың сәтті ота жасайтынына сенімді. Тек, қу дүниенің жетпей жатқаны, баламның ақтық демін үзіп жібреді ме деп қорқады. Тағы да айта кетейік, операция жасатуға  162 мың доллар, ал химия терапияның әр курсына 12 мың АҚШ ақшасы қажет екен. Теңіз тамшыдан құралады дегендей, сіз де азын-аулақ болсын Заңғардың өмірін сақтап қалуға үлес қосасыңыз екен. Заңғардың Қазақстандағы әпкесінің атына ашылған шотқа сізде садақа есебінде ақша аударып, сауап жинауға асығыңыз.  

«Бұл қызыма да оңайға соғып тұрған жоқ.  Ешкімнің де басына бермесін мұндай жағдайды. Ана үшін екі баласын бірдей уайымдау өте қиын. 162 мың доллардың 80 пайызын жинау, қарапайым қазақ отбасы үшін қиын. Үйде отырған ана үшін ауыр. Сондықтан, біз осылай көмек сұрауға мәжбүрміз», – дейді Заңғардың анасы Гүлназ БАЛҒАЕВА.

Қазір Заңғардың еміне деп ашылған есеп-шотқа аз-кем ақша аударып жатқан қайырымыды жандар бар-ақ. Бірақ, қарқын бәсеңдеп қалмаса екен дейді ата-анасы. Ота қараша айына жоспарланған екен. Сондықтан, бір айдың ішінде қажетті қаражаттың жиналғаны ауадай қажет. Заңғартайдың несібесі мол деп сенейік әрі соған ат салысайық.

Әйгерім Ердәулет «Алматы» телеарнасы.  

Новости партнеров