Алматыда ардагерлерге вирусқа қарсы антисептиктер таратылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Республикалық «Біз біргеміз!» акциясы Алматы қаласында жалғасын тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

20 наурыздан бастап Алматы қаласы бойынша «Біз біргеміз!» акциясы басталды. Жетісу ауданында осы акция аясында Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне вирусқа қарсы антисептиктер таратылды. Еріктілер сондай-ақ, алдағы уақытта көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектеспек.

«Осындай акция кезең-кезеңімен өз жалғасын табады. Келесі кезекте ауданымызда көп балалы және жағдайы нашар отбасылар бар. Соларға сақтық аясында осындай көмектер көрсетіледі. Әрине, мұндай шаралар осымен тоқтап қалмайды. Алматы қаласы бойынша кезең-кезеңімен қайырымдылық шаралары жүргізіліп жатыр», - деді Nur Otan партиясының Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат ОМАРОВ.

Жетісу ауданы бойынша 16 Ұлы Отан соғысы ардагері және 1 мыңға жуық тыл ардагері тұрады. Ардагерлерге үлестірген қол сөмкенің ішінде антисептик, 50 дана медициналық маска және бактерияға қарсы сабын мен сұйықтықтар бар. Шара ұйымдастырушылары алдымен Екінші дүниежүзілік соғыстың куәгері болған қарияның үйіне бас сұғып, алғысын алды. 

«Мені ұмыт қалдырмағаныңыз үшін рахмет айтамын. Маған сыйлық алып келіп тұрсыздар. Бас сұққандарыңа алғыстан басқа айтарым жоқ. Әзірге денсаулығым жақсы», – деді Ұлы Отан соғысының ардагері  Филипп ГУБАНОВ.

Республика бойынша «Біз біргеміз» атты науқанды іске асыру үшін «Нұр Отан» партиясы халыққа таратылатын дезинфекциялық заттарды жинақтап, оны халыққа үлестіру жұмыстарын бастап кетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қолға алынған шарада 7000 адамға атаулы көмек көрсету жоспарланып отыр.

«Коронавирустың алдын алудағы басты талап – өзіміздің гигиеналық тазалығымызды сақтау, денсаулығымызға қатаң бақылау жасау. Біз барынша дайындық жасап жатырмыз. Осы акцияға да дайындықпен келіп отырмыз», – деді қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.

Бұл шаралар әрі қарай да жалғаса бермек. Қала бойынша қайырымдылық жасағысы келетіндер еріктілер қатарына қосыла алады. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қалада арнайы есеп шот та ашылған. Оған кәсіпкерлер, көмек көрсеткісі келген жандар қаржы аудара алады.  

Қуан Нұрақын, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров