|
16.01.2019 | 17:39
6410

Биыл Наурызбай ауданына бөлінген қаржы ауыз су мен жол мәселесін шешуге жұмсалмақ – әкім

Биыл Наурызбай ауданына бөлінген қаржы ауыз су мен жол мәселесін шешуге жұмсалмақ – әкім

Алматы қаласы Наурызбай ауданын дамытуға биыл бюджет есебінен 14,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражат жол жөндеу, жарықтандыру және абаттандыру сынды жұмыстарға жұмсалады. Ауданда осы уақытқа дейін атқарылған шаруа мен алдағы жоспарды аудан әкімі Санжар Тоғай айтып берді.

p> Наурызбай ауданындағы өзекті мәселенің бірі – сапалы ауыз сумен қамту. Бүгінде тұрғындардың 30 пайызы орталықтандырылған судан, 20 пайызы су ұңғымасынан тіршілік нәрін алып отыр. Ал қалған бөлігі «Қарғалы» және «Ақсай» өзендері арқылы алынатын ашық су тоғандарын пайдаланып келеді. Ауданда су құбырының ұзындығы 356 шақырымды құрайды. Құбырлар 1970 жылдары салынғандықтан, 80 пайызының тозығы жеткен.


«Қазіргі уақытта «Ақсай» және «Қарғалы» өзендері арқылы су тоғандарының құрылыс жұмыстары үшін жоба әзірленді. Бұл су тоғандарының жалпы қуаттылығы тәулігіне 37 мың текше метрді құрайды. Сондай-ақ, аудан аумағындағы барлық 9 шағынаудан бойынша су құбыры мен канализацияның магистралды желілерінің жобалары мемлекеттік сараптамадан өтуде, оның ішінде, 2 шағынаудан: Құрамыс және Таужолы бойынша оң қорытынды алынды», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі Санжар ТОҒАЙ.

Биыл ауданның тас қараңғы 24 көшесіне жарық желісі тартылмақ. Арық жүйесі де қалыпқа келтіріледі. 4 жарым жылдың ішінде 28 көшеге 37 шақырым жаңа арық желілері салынған. Ал осы жылы жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын арық жүйелерінің құрылысын қажет ететін 31 көшенің тізімі жолданыпты. Сондай-ақ жолдарды жөндеу жұмысы да қарқынды жүргізілуде деді әкім. Аудан құрылған уақыттан бері жалпы ұзындығы 145 шақырым болатын 211 көшеге асфальт төселген. Биыл 20 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

«Абай даңғылын Момышұлы көшесінен қаланың шекарасына дейін ұзарту мақсатында 292 жер учаскелері мен жылжымайтын мүлік нысандарын мемлекетке қайтару үшін 5,4 млрд теңге бөлінді. Төле би және Мурз көшелеріне жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін 263,3 млн теңге бөлінді, сондай-ақ, осы жұмыс аясында 22,4 гектар аумақты құрайтын жер учаскесін сатып алу қарастырылған», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының әкімі.

Айтматов көшесінде бұған дейін жүргіншілер жолы болмаған. Өткен жылы жазда тұрғындардың жүріп-тұруы үшін қолайлы жағдай жасалып, жол төселген болатын. Жалпы аудан бойынша былтыр 18 шақырымды құрайтын тротуар салынған. Ал осы жылы тағы 12 көшеде жол салу жоспарланып отыр.

«Енді бір үлкен мәселе – «Премьера» тұрғын үй кешеніндегі автотұрақ, автокөлік мәселесі. Жуалы көшесінде кешкі сағат алтыдан кейін жаяу адамның жүруі мүмкін емес. Көп жол-көлік оқиғасы орын алады. Кішкентай балаларды қағып кеткен кездер де болды», – дейді аудан тұрғындары.

Ауданы әкіміне «Премьера» тұрғын үй кешенінде тұратын жұрттың сауалы көп болды. Санжар Тоғай бұл кешен әрдайым назарда екенін және туындаған мәселелерді жуық арада шешуге тырысатынын атап өтті.

«Биыл 20 аулаға сметалық құжат дайындадық. Жазда сол 20 ауланы жөндейміз. Соның ішіне сіздердің кешенді кіргіздік. Сол кезде сіздермен ақылдасып, қай жерге көлік қою керегін, қай жерге қоймай керегін шешетін боламыз», – деді Санжар ТОҒАЙ.

Алматы қаласы Наурызбай ауданында «7-20-25» бағдарламасы аясында қол жеткізуге болатын 4 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып жатыр. Ал «Шұғыла» шағынауданында мемлекеттік бағдарламамен баспаналар өткен жылы пайдалануға беріле бастаған еді. Қалған пәтердің кілттері биыл үлестіріліп бітеді екен.


Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир