7 мамырдағы жағдай бойынша 2.1 млн қазақстандық төтенше жағдай режімі кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде екінші төлем алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бұған дейін хабарлағандай, төлемді есептеу үшін алғашқы ай ретінде 16 наурыздан бастап 15 сәуір аралығы алынады. Қазіргі төтенше жағдай бойынша екінші ай 16 сәуірден 11 мамырға дейін. Жоғарыда айтылғандарға сәйкес, 16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар (әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қашан жасалғанына қарамастан), төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау ережесінде көрсетілген шарттарды сақтай отырып, «42 500 теңге» төлемге екінші айда үміткер бола алады», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, 42 500 теңге төлемі енгізілген сәттен бастап оны 4,5 млн адам алған.