Алматыда кәсіпкерлер тегін оқып жатыр. Игі бастама «Алматы Бизнес» жобасы аясында жүзеге асқан. Бұл мақсатта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы 3 жылда 6000 бизнесменді білім нәрімен сусындатпақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы ұйытқы болып отырған атаулы жоба жыл соңына дейін жалғасады. Наурызда бастау алған бұл бастама аясында бұған дейін 300-ден аса кәсіпкер түрлі бағытта оқытылған. Аталған апталық оқуға күніне кемі 40 бизнес өкілі қатысады.
– Оқыту процесі өте маңызды. Алдағы уақытта оқу курстарын оқып, бітіріп шыққан кәсіпкерлер өндірісін қарыштап, дамыта береді деген ойдамыз, – деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аппарат басшысы Әділет Керімбеков.
Мұндағы бағдарламаның басты мақсаты – бизнесті тиімді дамыту үшін дағдылар мен құзыреттерді арттыру. Ал бизнесмендерді оқытуда туризм, IT, таза өндіріс пен креативті индустрия салаларына басымдық берілген.
Айта кетейік, «Алматы Бизнес» жобасына кез келген кәсіп иесі өтініш беріп, қатыса алады.
– Компания Қазақстан нарығында 25 жылдан астам уақыт жұмыс жасап келеді. Ауқымды іс-шараға қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Әр адам өзін жетілдіріп, алға қарай жылжуы қажет. Тәжірибе алмасуы керек, – деді кәсіпкер Наталья Горшкова.
Оқи отырыңыз: Жаңа Салық кодексіне қандай өзгеріс енгізілді