Алматы полициясы қоғамдық орындарда түкіргендерді жазалайтынын тағы да еске салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
- Бұл әрекет ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабымен жіктеледі. Ұсақ бұзақылықпен ұштасқан санитарлық нормаларды бұзу - осы құқықбұзушылықтарды жасаған жекелеген азаматтардың қоғамдық орындарда тәрбиесі мен өзін-өзі ұстау мәдениетінің төмендігі. Ал Алматы Қазақстанның қаржы-экономикалық және мәдени орталығы ретінде тек азаматтардың көмегімен өз мәртебесін, жақсы имиджін сақтап қалуы керек, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзабаев.
Сонымен қатар Алматы полициясы цифрлық ақпараттық ресурстарды, оның ішінде ҚР ІІМ жүзеге асырып жатқан «102» қосымшасы арқылы азаматтардың хабарламаларын омниканалды қабылдауды пайдалана отырып, полицияға хабарласудың баламалы тәсілдерін еске салды.
– Айта кету керек, Алматы тұрғындары белсенділік танытып, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Олар қол жетімді байланыс арналарын пайдалана отырып, ұсақ құқықбұзушылықтар туралы хабарлайды. Жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы азаматтар 10 мыңға жуық хабарлама жолдаған. Ең жиі кездесетін заңбұзушылық – адамдардың қоғамдық орындарда түкіруі. Алматыда полицейлер 11-15 қыркүйек аралығында қоғамдық орындарды ластаудың 257 дерегін анықтаса, оның 71-і – көшеге түкіргендер. Айыппұл сомасы 433 мың теңгені құрады, – деді Ержан Ұзабаев.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында баласын саудаға салған азамат ұсталды