Жетісайда бір үйдің 3 қызы өгей шешесінен қорлық көргені туралы ақпарат жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігі осы жайтқа қатысты арнайы мәлімдеме жасады.
Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл істі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл С.Айтпаева, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитеті өз бақылауына алыпты.
Тексеру барысында белгілі болғаны, күдікке ілінген 28 жастағы әйел қыздардың әкесімен заңды некеде тұрмаған. Тиісінше, ол қыздардың да заңды асыраушысы емес. Қазір жас келіншек уақытша қамау изоляторында отыр. Тергеу кезінде оның кішкентай үш қызға физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсету фактілері анықталған дейді ҚР БҒМ баспасөз қызметі. Күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы «Азаптау» бойынша іс қозғалған.
Сонымен қатар, қыздардың әкесі де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Жергілікті полиция оның үстінен де ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы «Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша іс қозғап отыр.
Ал, қыздардың үшеуі де қазір аудандық ауруханада ем алып жатыр, жағдайлары қанағаттанарлық. Олармен тек дәрігерлер ғана емес, психолог мамандар да жұмыс істеуде. Ауруханадан шыққаннан кейін қыздардың қауіпсіздігі үшін олар туған апаларына жіберіледі. Әжей қазіргі таңда басқа баласының отбасымен тұрады екен.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы және істің басқа материалдарын дайындау нәтижелері бойынша қыздардың әкесі мен өгей аналарына қатысты іс Ювеналды сотқа жіберіліп, үкім шығарылатын болады.
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты уақытылы анықтау бойынша жеткілікті жұмыс істемегені үшін аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің жетекшісі, мектеп директоры, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологтары, әлеуметтік пелагог және 3 сынып жетекшілеріне қатысты қатаң тәртіптік жаза қолданылады», - делінген ҚР БҒМ таратқан хабарламада.
Еске салайық, кішкентай үш қыздың ұзақ уақыт бойы адамшошырлық қорлық көріп келгені күні кеше БАҚ беттерінде жарияланған болатын. Қыздардың дене жарақаттарын 11 сәуірде ең бірінші мектеп мұғалімдері анықтап, дереу құқық қорғау органдарына хабар беріпті.