15 мамырдағы жағдай бойынша 2,9 млн-нан астам қазақстандық төтенше жағдай режимі кезеңінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде екінші төлем алды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Бүгінгі күні аталмыш бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Бұған дейін хабарланғандай, төлемді есептеу үшін алғашқы ай ретінде 16 наурыздан бастап 15 сәуір аралығы алынады. Ал төтенше жағдай бойынша екінші ай 16 сәуірден 11 мамырға дейін созылды.
«16 сәуірге дейін өтініш берген азаматтар (әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау қашан жасалғанына қарамастан), төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер тағайындау ережесінде көрсетілген шарттарды сақтай отырып, «42 500 теңге» төлемге екінші айда үміткер бола алады. 16 сәуірден бастап 11 мамыр күні сағат 18.00-ге дейін өтініш берген азаматтар бір рет төлем алуға үміткер бола алады», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, төтенше жағдай режимінің тоқтатылуына байланысты 2020 жылғы 11 мамырда сағат 18.00-ден бастап «42 500 теңге» төлемін тағайындауға жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды.
Жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін келіп түскен барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралатын болады және өтініш төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты МӘСҚ-тан төлемдер тағайындау қағидаларында көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда «42 500 теңге» әлеуметтік төлем тағайындалады және төленеді.
Бұрын берілген өтінішті қарау мәртебесін 42500.enbek.kz сайтында білуге болады.
42 500 теңге төлемі енгізілген сәттен бастап оны 4,5 млн адам алды.